Павлодарлық оқушылар криминалистердің жұмысымен танысты

Павлодарлық оқушылар криминалистердің жұмысымен танысты
Фото: Павлодар облысының полиция департаменті

Полиция қызметкерлері оқушылар мен әскери-техникалық мектеп тыңдаушылары үшін Ашық есік күнін өткізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, экскурсия кезінде оқушылар кезекші бөлімде болып, «102» арнасына келіп түскен хабарламалардың қалай қабылданатынын бақылады. Сонымен қатар олар Жедел басқару орталығында қала көшелерін бейнебақылау жүйесі арқылы бақылау процесімен танысты.

– Балаларға қылмыс орнында қалатын іздерді анықтау және айғақ заттарды жинау тәртібі көрсетілді, – деді ұйымдастырушылар.

Жедел-криминалистикалық топ қызметкерлері сарапшылардың жұмыс ерекшеліктерін түсіндірсе, кинологиялық қызмет мамандары қызметтік иттердің дайындығын көрсетті. Оқушылар иттердің командаларды орындауын тамашалап, олардың қылмыстарды ашудағы рөлі туралы мәлімет алды.

Бағдарламаның бір бөлігі патриоттық тәрбиеге арналды. Балаларға 2011 жылы аса қауіпті қылмыскерді ұстау кезінде қаза тапқан Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасовтың ерлігі туралы айтылды.

Кездесу соңында жоғары сынып оқушылары мен әскери-техникалық мектеп тыңдаушыларына ішкі істер органдарындағы қызметтің ерекшеліктері түсіндірілді. Сондай-ақ полиция қызметкері болуға қойылатын талаптар мен ІІМ академияларына түсу тәртібі жөнінде ақпарат берілді.

Полицейлердің айтуынша, мұндай кездесулер жасөспірімдердің құқықтық сауатын арттыруға және құқық қорғау саласындағы мамандықтарға қызығушылығын қалыптастыруға бағытталған.