Павлодарлық оқушылар Әбіш Кекілбаевтың шығармаларын сахналады

Сонымен қоса олар жазушының поэзиялық шығармаларын мәнерлеп жатқа оқыды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Ертіс дарыны» өңірлік қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы өңіріміздегі 8-11-сынып оқушылары арасында қазақ әдебиетінің классигі Әбіш Кекілбаевтың шығармашылығына арналған «Әбіш оқулары» республикалық ғылыми-шығармашылық конкурсының облыстық кезеңін өткізді.
Шараға 110 оқушы қатысты. Сайыс қорытындысы бойынша 58 оқушы жүлделі орынға ие болды.
– Сайыс «Ә. Кекілбаевтің «Тырау – тырау тырналар», «Есболай» шығармаларына иллюстрациялық сурет салу, жазушының поэзиялық шығармаларын мәнерлеп жатқа оқу, шығармашылығы бойынша зерделеу жоба қорғау және сахналық қойылым көрсету бағытында өтті, – деді орталықтың бөлім меңгерушісі Дамили Саламбекова.
Облыстық кезең жеңімпаздары республикалық байқауға жолдама алды.