Павлодарда ер адам әйелдің бетіне ауыр жарақат салды

Павлодарда ер адам әйелдің бетіне ауыр жарақат салды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Күдікті анықталып, қалалық полиция бөліміне жеткізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Әлеуметтік желілерде Павлодар көшелерінің бірінде ер адамның әйелдің бетіне пышақпен ауыр жарақат салғаны туралы ақпарат тарады. Хабарламада күдіктінің әлі де бостандықта жүргені, ал әйелдің беті қатты зақымданып, тігіс салынғаны жазылған.

Павлодар облыстық полиция департаменті бұл оқиғаға қатысты ресми түсініктеме берді. 

–  Белгілі болғандай, 20 шілде күні Малайсары батыр көшесіндегі аулада ер адам таныс әйелдің бетін  жарақаттаған. Күдікті анықталып, қалалық полиция бөліміне жеткізілді, – деп хабарлады департаментте.

Ұрып-соғу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір оқиғаның мән-жайы мен себептері тергеу барысында анықталуда. Тергеу аяқталған соң процессуалдық шешім қабылданады.