Павлодарлық полицейлер бір тоннадан астам заңсыз ауланған балықты тәркіледі

Павлодарлық полицейлер бір тоннадан астам заңсыз ауланған балықты тәркіледі
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Браконьерлерге екі миллион теңгеге жуық айыппұл салынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Аққулы ауданында рейдтік іс-шараларды өткізу кезінде Lada Priora маркалы көлік тоқтатылды. 

– Автокөлікті тексеру кезінде көлік құралының тіркемесінде «артемия салина» шаян тәрізділері бар 16 қап, тор мен резеңке етік табылды. Балық ресурстарын заңсыз өндіру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Тәркіленген шаян бойынша қажетті сараптамалар тағайындалды, – деді Аққулы ауданы полиция бөлімінің бастығы Дәулет Молдабаев.

Дәл осындай факт Ақсу қаласында да анықталды.

– Сырлықала ауылынан 15 шақырым жерде, «Кескен терек» шалғай учаскесінде белгісіз тұлғалардың «артемия салина» шаян тәрізділерін өндіру фактісі анықталды. Сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Тәркіленген шаян бойынша қажетті сараптамалар тағайындалды, – деді Ақсу қаласы полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Айдар Сламбеков.

Еске сала кетейік, өңірде 20 қазан мен 19 қараша аралығында браконьерлікті, биологиялық ресурстар объектілерінің заңсыз айналымын анықтау және жолын кесу мақсатында «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. 

Іс-шара басталғаннан бері полицейлер табиғатты қорғау заңнамасының 135 бұзушылығын, оның ішінде аң аулау және балық аулау ережелерін бұзуды тоқтатты. Заңсыз ауланған балық ресурстарының 1 тоннасынан астамы тәркіленді және жалпы сомасы шамамен 2 миллион теңгеге айыппұл салынды.

Полиция азаматтарды елдің табиғатты қорғау заңнамасын бұзбауға шақырады.