Қызылға өткен: Павлодарда мас жүргізуші қамалды (ВИДЕО)
Ол бес жол жүру ережесін өрескел бұзғаны үшін жеті жылға жүргізуші куәлігінен айырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, таңғы сағат 04:10-да Естай мен Малайсары батыр көшелерінің қиылысында ВАЗ-2112 маркалы автокөліктің иесі тәртіп сақшыларының күдігін туғызған.
– Жүргізуші Малайсары батыр көшесіне жолдың басқа жағына бұрылу кезінде тиісті сигнал беретін шамды жақпаған. Сондай-ақ полиция қызметкерлерінің көлікті тоқтату туралы заңды талаптарын елемей, әрі қарай қозғалысын жалғастырды, – деді департаментте.
Жүргізуші жол жүру ережелерін өрескел бұзған: Қамзин-Геринг, Геринг-Елгин, Российская -Геринг көшелерінің қиылысында бағдаршамның тыйым салынған сигналынан өтіп кеткен.
– Құқық бұзушыны патрульдік полиция батальонының қызметкерлері ұстады. Ұсталған кезде жүргізушіден алкогольдің өткір иісі шықты, бұл медициналық қорытындының нәтижелерімен расталды, – деді департаментте.
Аталған бұзушылықтар үшін 22 жастағы жүргізушіге қатысты бес әкімшілік материал толтырылды: жүргізуші көлік құралын мас күйінде жүргізген, полиция қызметкерлерінің заңды талаптарын орындамаған, тыйым салатын бағдаршамнан өтіп кеткен, маневр жасау ережелерін бұзған және қауіпсіздік белбеуі тағылмаған.
Материал сотта қаралып, құқық бұзушы жеті жыл мерзіміне жүргізуші куәлігінен айырды. Сондай-ақ жүргізуші 20 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынып, 60 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды.
Посмотреть эту публикацию в Instagram