Павлодарлықтар саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алды

Павлодар облысының тұрғындары қалалық мемориал жанында бас қосты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Шараға облыс әкімі Асайын Байханов, діни конфессиялар өкілдері, этномәдени бірлестіктер, депутаттар және жастар ұйымдарының белсенділері қатысты. Олар қуғын-сүргін құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алып, кейін ескерткішке гүл шоқтарын қойды.
87 жастағы Меруерт апа жыл сайын 31 мамырда осы жерге келіп, саяси қуғын-сүргіннің жазықсыз құрбандарына айналған туыстарын еске алады. Ол әкесі мен бауырлары туралы анасының әңгімелерінен ғана білетінін айтады.
– Әкем Кенжеғұлдың ата-анасы мен бауырлары саяси қуғын-сүргін жылдары қаза тапты. Анамның айтуынша, мен ол кезде тым кішкентай болдым. Әкемнің Павлодардан майданға аттанғанын толық есіме түсіре алмаймын. Ол кезде үш жасқа да толмаған бала едім. Ол Ресейдің Ставрополь өлкесінде жерленген. Жастарға бейбіт әрі берекелі өмір тілеймін, біздің бастан кешкен аштық жылдарын көрмесін, – дейді Меруерт Кенжегожина.
Торайғыров университетінің профессоры Амантай Құдабаев жастар ашаршылық пен саяси қуғын-сүргінге қатысты тарихтың ақтаңдақ беттерін ұмытпауы керек екенін атап өтті.
– Біз тарихи кезең туралы жастарға айтып отыруымыз керек. Өйткені бұл – халқымыз бастан кешірген қайғылы жылдар. Жастар өткенді білуі әрі құрметтеуі тиіс. Біз осы тақырып бойынша зерттеу жүргізіп, ғылыми мақалалар жазамыз және студенттерге дәріс оқимыз, – дейді Амантай Құдабаев.
Айта кетейік, тоталитарлық режимнің құрбандары 118 мың қазақстандық болса, олардың 25 мыңы ату жазасына кесілді. Павлодар облысында 1920-1941 жылдар аралығында «халық жауларымен күрес» нәтижесінде төрт мыңнан астам адам қаза тапты. Олардың қатарында белгілі жазушылар, ақындар және Павлодар өңірінің қоғам қайраткерлері Жүсіпбек Аймауытов, Павел Васильев, Ермұхан Бекмаханов, Зейін Шашкин сияқты азаматтар болды.