Павлодар облысының өрт сөндірушілері өзара сайысты
Мамандар толық жауынгерлік киіммен биік ғимараттың ең жоғарғы қабатына жылдам көтерілуден өзара бақ сынасты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері арасында «Тігінен жарысы» өтті.


Дене төзімділігі мен кәсіби дағдыны шыңдауға бағытталған бұл сайысқа өңірден 19 команда қатысты. Жарыс көпқабатты үйлердегі өртті сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарына дайындықты тексеру мақсатында ұйымдастырылған.
– Сайыс шарты бойынша мамандар салмағы 30 келіден асатын тыныс алу аппараты мен өрт сөндіру жеңдерін асынып, баспалдақ арқылы 17-қабатқа дейін жүгіріп шығуы тиіс. Бұл тапсырма қызметкерлерден тек физикалық күш қана емес, сонымен бірге жоғары психологиялық төзімділікті талап етеді, – деді облыстық ТЖД баспасөз қызметі.
Тартысты өткен біріншілікте Ақсу қаласының №10 өрт сөндіру бөлімі оқ бойы озып шығып, кубокты иеленді. Екінші орынды Успен ауданының №17 өрт сөндіру бөлімі алса, үздік үштікті Павлодар ауданының №11 өрт сөндіру бөлімі түйіндеді.

Департамент өкілдерінің айтуынша, мұндай жаттығулар жеке құрамның нақты өрт кезіндегі іс-қимыл жылдамдығын арттыруға және командалық рухты нығайтуға септігін тигізеді. Барлық қатысушылар жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, межеленген қабатқа сәтті көтерілді.