Павлодарлық қыздың мергендігін шетел мойындады

Павлодарлық қыздың мергендігін шетел мойындады
Фото:pixabay.com

Бұл жерлесіміздің тұңғыш халықаралық жарыстағы тәжірибесі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Оңтүстік Кореяда пара оқ атудан Әлем кубогі өтті. Оған ел чемпионаттары, Қазақстан Паралимпиада ойындары мен Спартакиадасының бірнеше дүркін жеңімпазы әрі жүлдегері, спорт шебері Анна Довгелевич қатысқан еді.

– Ең қиыны – толқуды жеңу болды, өйткені, бұл менің алғашқы халықаралық жарысым еді, - деді Анна Довгелевич. – Жекелей сында финалға шыға алмай қалдым – тәжірибе жетіспеді. Бірақ микста финалға шығып, онда кореялық жұпқа жол бердік. Дегенмен, күміс жүлде ала білдік. 

Оқ атумен спортшы қыз жетінші жыл айналысып келеді. Оған дейін Анна Довгелевич үстел теннисі, тоғызқұмалақ және басқа да спорт түрлерін байқап көрді. Алайда ең жақыны оқ ату болды. Жаттықтырушысы Игорь Скрипин.

– Мылтықты қолға ала салысымен бірден бұл спорт ұнап кетті. Бірте-бірте нәтижелер де келе бастады. Қазір Алматыда өтетін Қазақстан чемпионатына әзірленудеміз. Әрі қарай халықаралық сынға дайындаламыз, - деді ол. 

Айта кетейік, Анна Довгелевич Әлем кубогінің микс сынында Еркін Ғаббасовпен жұп құрып 615,8 балл жинап, күміс жүлдені еншіледі.