Асайын Байханов шаруаларға алғыс айтты
Биылғы жыл фермерлер үшін аса қиынға соқты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне орай Естай атындағы мәдениет сарайында мерекелік концерт өтті. Облыс әкімі Асайын Байханов шаруалардың Қазақстан азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға қосқан үлесін ерекше атады.
- Төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын, - деп сөзін бастады өңір басшысы. Ауыл шаруашылығы – қасиетті қазақ жерінің темірқазығы, ұлттық құндылықтарының діңгегі, береке мен байлықтың бастауы. Ата-бабамыздан қанымызға сіңген бұл кәсіп қашанда киелі. Халықты азықпен қамтамасыз ету – ауқымды әрі күрделі жұмыс екенін түсінеміз. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев еңбек адамы ерекше құрметке ие болуы керек деп атап өтті. Сондықтан ауылдарымыздың құт-берекесін сақтап жүрген сіздердің адал еңбектеріңізге бас иіп, алғысымды білдіремін.
Биыл қуаңшылықтың зардаптарын жоюға бірқатар ауқымды іс-шара қолға алынды. Мысалы, жем-шөп бағасын арзандату үшін облыстық бюджеттен үш миллиард теңге бөлінді. Бұл қаражатқа 1,5 мың шаруаға көмек берілді. Субсидиялар бойынша қарыздарды өтеу үшін ҚР Үкіметінен 6,2 миллиард теңге бөлініп, 1,3 мың фермерге үлестірілді.
Жем-шөп әзірлеуге бөлінетін арзандатылған жанармай көлемі төрт мың тоннадан бірден он мың тоннаға дейін арттырылды. Мемлекеттік орман қорынан қосымша 25 мың гектар жер беріліп, ол жерде тағы аса құнды 20 мың тонна мал азығын әзірлеуге мүмкіндік берілді. Оған қоса, малға қажет дақылдардың тұрақтандыру қоры құрылып, қазіргі кезде бес мың тонналық резерв арзандатылған бағамен үлестірілуге әзір.
Өз кезегінде, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару жөніндегі комитет төрағасы Мұрат Теміржанов та 2023 жылдың қиын болғанын атап өтіп, мемлекеттің шаруаларды қолдауды тоқтатпайтынын айтты. Керісінше, жақында бюджеттен 155 миллиард теңге бөлінсе, соның он миллиардына жуығы Павлодар облысының фермерлеріне жолданады.
Облыс шаруаларын құттықтап, сәттілік тілеген Асайын Байханов «КазАгрЭкс» АҚ өңірлік менеджері Қазкен Мұқашев пен «Победа» ЖШС директоры Владимир Поляковқа «Облыс алдындағы еңбегі үшін» төсбелгілерін табыс етті. Фермерлер басқа да марапаттарға ие болды.
- 1994 жылдан бері Луганскіде жұмыс істеймін, оған дейін Ертісте механизатор болып істедім, - дейді облыс әкімінің Құрмет грамотасына ие болған «Луганск» ӨК механизаторы Александр Конрад. – Жағдай жаман емес: жалақы төленеді, бәрі бар. Жылымыз, әрине, ауырға соқты, мұндай қуаңшылық болғаны есімде жоқ. Қиындық бәрінде бар ғой, біздің міндет – Қазақстанға адал еңбек ету.
Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне орай мәдениет сарайы ішінде облыс шаруаларының жетістіктерін паш ететін көрме ұйымдастырылды. Мерекелік кеш облыс орталығы шығармашылық ұжымдарының концерттік бағдарламасына ұласты.
Фото: автор