Павлодарда электронды темекі түрлерін сатқандар қамауға алынады
Елімізде бүгін, 20 маусымнан бастап жаңа заң күшіне енді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
19 сәуірде Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Заңға қол қойды. Бүгіннен бастап электронды темекілер, вейптер, олар үшін хош иістер мен сұйықтықтарды сату, тарату, жарнамалауға тыйым салынды.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Павлодар облысы полиция департаменті жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Руфат Кенжин мәлім етті.
– Сауда үйлерінде, дүкендерде темекі өнімдерін сататын нүктелер бар. Бүгіннен бастап полиция қызметкерлері рейдтік іс-шаралар жүргізеді. Заңды бұзушыларға 200 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл немесе 200 сағатқа дейінгі түзеу жұмыстары немесе 15 тәулікке дейін қамауға алу жазасы беріледі, – деді Руфат Кенжин.
Еске сала кетейік, елімізде 16 маусымнан бастап зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік қатаңдатылды. Заң қабылданғаннан кейінгі бес күнде облыста 19 дерек тіркелді.