Павлодарлық тәртіп сақшылары жағалауда дабыл қағуда
Тәртіпті сақтамаған тұрғындар қайғылы жағдайға ұшырауда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Полицейлер адамдар көп жиналатын орындарда, атап айтқанда, жағажайларда, су айдындарында және Ертіс өзенінің жағалауында рейд жүргізіп, демалушыларға су жағасындағы және судағы тәртіп ережелері туралы ескертті.
- Ең алдымен, біз алкогольдік ішімдіктерді тұтынудың салдары, жағада темекі шегу және балалардың тәртібін мұқият бақылау туралы түсіндірдік. Рейд барысында барлық демалушыларға келіп, судағы тәртіп ережелері жазылған буклеттер таратылды. Егер суда жазатайым оқиға орын алса, қалай әрекет ету керек екені жайлы түсіндірілді, - дейді Павлодар қаласы полиция басқармасының бастығы Ермек Әлжанов.
Сондай-ақ, барлық демалушыларға "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Қазақстан Республикасының Кодексінде көзделген жауапкершілік туралы ескертілді.
Айта кету керек, Усолка шағын ауданындағы жағажайда 17 жастағы баланың денесі табылды. Оқиға 15:30 шамасында орын алған.