Павлодар-Атамекен автожолында жүрген бір үйір жылқының иесіне айыппұл салынды

Күн сайын полиция қызметкерлері жол бойында және тас жолда малдың болуына жол бермеу бойынша рейдтер жүргізеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы полиция департаментінің мәліметінше, Павлодар – Атамекен автожолында 35 бас жылқы жайылып жүрген.
– Мал иесіне қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, үш айлық көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды және осындай бұзушылықтарға жол бермеу бойынша әңгіме жүргізілді, – деді департаментте.
Павлодар – Қызылорда республикалық маңызы бар трассада да иесінің қарауынсыз ірі қара мал жүрген.
– Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, мал иелерінің тиісті бақылауы жоқ, бұл автожолдардағы жол-көлік оқиғаларына және мал ұрлығына әкеп соғады. Көбінесе ауылшаруашылық жануарларын ұрлаудың себебі – жайылымда жайылып жүрген малдың қараусыз қалуы, – дейді тәртіп сақшылары.
Айта кетейік, жыл басынан бері мал иелеріне мал жаю ережелерін бұзғаны үшін 444 жаза қолданылған.