Павлодарлық жастар әскери-патриоттық әндерді әсерлі шырқады
Өңірде дәстүрлі «Батыл жүрек» әскери-патриоттық ән фестивалі өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі
Қ.Әбусейітов атындағы мәдени-демалыс орталығы базасында ұйымдастырылған фестивальді Павлодар қаласы мен Павлодар облысының «Ауған соғысы және жергілікті соғыстардың ардагерлері мен мүгедектері» қоғамдық қоры облыстық білім беру және ақпараттық даму құрылымдарымен бірлесіп өткізді. Іс-шара Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күні қарсаңына орайластырылған.
Қоғамдық қор директорының орынбасары Төлеген Қоқымбаевтың айтуынша, фестивальдің басты мақсаты – жастардың бойында патриоттық рух қалыптастыру және олардың шығармашылық әлеуетін қолдау.

– Бұл фестиваль, ең алдымен, мектеп оқушыларына үлкен серпін береді. Олар сахнада өз өнерін көрсетіп, тәжірибе жинайды. Сонымен қатар, бұл — жастарды әскери-патриоттық рухта тәрбиелеудің маңызды алаңы, – деді ол.
Фестивальге Павлодар облысының барлық қалалары мен аудандарынан келген оқушылар мен студенттер қатысты. Биыл ұйымдастырушыларға 20-дан астам өтінім түскен. Қатысушылар жеке, дуэт және трио форматында өнер көрсетті.
Екібастұз қаласы №2 мектептің 10-сынып оқушысы Жан Қабылда байқауға алғаш рет қатысып отыр.
– Біз «Сарбазым» әнін топ болып орындаймыз: төрт ұл бала және бір қыз. Негізі кішкентай кезімнен ән айтамын, бірақ өзімді кәсіби әнші деп айта алмаймын. Мұндай сахнада өнер көрсету – мен үшін үлкен тәжірибе, – дейді ол.
Байқау қорытындысы бойынша гран-при иегері анықталып, бірінші, екінші, үшінші орындар мен арнайы номинациялар бойынша жеңімпаздар марапатталды.
Айта кетейік, «Батыл жүрек» фестивалі жыл сайын тұрақты түрде өткізіліп, жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуге бағытталған маңызды мәдени алаңға айналып отыр.