Павлодарда «бесінші билік» музейі ашылды
Жәдігерлер аталмыш кәсіп дамуының әртүрлі кезеңдерін қамтиды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Баспасөз және радио музейі Астана, 143 мекенжайы бойынша орналасқан «Журналистер үйінде» орын тепті. Павлодарлықтарды журналистика тарихымен таныстыру идеясы «Ertis Media» ЖШС Руслан Біләловқа тиесілі.
- Бұл музейдің тарихы А.П. Чехов атындағы театрдың қараңғы дәлізінде басталды, - деп өз сөзін бастады Руслан Біләлов. – Дәл сол жерде менің аяғым 1956 жылғы «Муромец» радиоласына сүрініп кеткен еді. Қоюшы суретші Александр Мальцев «Сүріндің бе, енді бұл сенікі болсын, өзіңмен бірге алып кет» деп әзілдеді.
Аталмыш аппаратты «Halyq radio» инженері Андрей Фисенко жөндеп, радио үнін қайта қосты. Сол сәттен бастап, Журналистер үйінде музей ұйымдастыру науқаны басталды. Мұнда қазір 40 шақты жәдігер бар: радиотехника, магнитофон, телефон, фотоаппарат пен бейнекамералардың бірнеше түрі.
Музейде атақты фотограф Еренбақ Әлжанов, Владимир Бугаев пен Николай Мохиревтерге арналған жеке бұрыштар бар, қонақтар аталған адамдардың өмірбаянымен таныса алады. Мәселен, кезінде «Қызыл ту» (қазіргі «Сарыарқа самалы») газетінің фототілшісі қызметінде істеген Еренбақ Әлжанов 19934 жылы Қытайдың Шиху қаласында дүниеге келген. 20-ғасырдың 50-жылдарында ол тарихи отанына қоныс аударды, 1966 жылдан «Қызыл ту» газетінің фототілшісі болып, өңір жылнамасына үлес қосты.
Николай Мохирев туралы қаламыздың белгілі жылнамшысы Людмила Баюшева бірер сөз айтты. «Орион» фотоклубының ұйымдастырушысы Николай Мохирев «Звезда Прииртышья» газетінің штаттан тыс тілшісі болды.
- Өкінішке орай, Николай Николаевич қайтыс болғалы оның мұрасына ешкім қызығушылық танытпады. Ол өзін индустриалды Павлодардың жылнамашысы ретінде таныта білген. Осы музейдің арқасында оның мұрасы екінші дем алғандай болды. Журналистика тарихын қастерлеген сіздерге мың алғыс, - деді Людмила Баюшева.
Музейде тарихи жәдігерлермен қатар, келушілердің таңдайын қақтыратын дүние де бар. Ол құпия тоннель. Бұл оптикалық иллюзия туралы Руслан Біләлов былай әзілдеді: «мұнда жөндеу жұмыстары кезінде кездейсоқ тоннель таптық».
Музей жәдігерлер қоры әрі қарай толыға түседі. Келем деушілерге есік ашық.