Көктем шуағы: Павлодарлық полицей әйелдерге құрмет көрсетілді

Көктем шуағы: Павлодарлық полицей әйелдерге құрмет көрсетілді
Фотосуреттерді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі ұсынды

Өңірдің бас полицейі нәзік жанды әріптестерімен дөңгелек үстел басында кездесті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, кездесуге ішкі істер органдарының ардагерлері, қызметте адалдығымен ерекшеленген, спорттағы жетістіктерімен танылған, сондай-ақ еңбегі елеусіз қалмаған полиция қызметкерлері мен фельдшер шақырылды.

– Сіздер бұл әлемге үйлесімділік, нәзіктік, сұлулық пен риясыз ана махаббатын әкелесіздер. Жоғары ұйымшылдық пен кәсібилікті көрсете отырып, ер адамдармен тең дәрежеде табысты еңбек етесіздер және Отанымыздың игілігі үшін қызмет етуді жалғастырып келесіздер. Күрделі міндеттерді орындап, кәсіби жетістіктерге жету сіздердің әйелдік сүйкімділіктеріңізге, асыл жар, аяулы ана болуларыңызға еш кедергі келтірмейді, – деп атап өтті полиция департаментінің басшысы Василий Скляр.

Сонымен қатар, ол спорттағы жетістіктерімен полицияның дамуы мен беделін арттыруға үлес қосып жүрген ардагерлер мен қызметкерлерге даналығы мен ақыл-кеңесі үшін алғыс айтты.

Жылы жүздесу барысында әйелдер өткен жылдардағы естеліктерімен, халыққа қызмет ету жолындағы қызықты оқиғаларымен бөлісіп, өзекті мәселелерді талқылап, қызметті жетілдіру жөнінде ұсыныстарын жеткізді.

– Мұндай кездесулер әрдайым ерекше көңіл-күй сыйлайды. Біз туралы ұмытпай, барлық салтанатты іс-шараларға шақырып, басшылықпен еркін әңгіме-дүкен құруға мүмкіндік бергендері қуантады, – деп, отставкадағы ІІО ардагері, полковник Баян Мағзұмова генералға алғысын білдірді.

Кездесу соңында ведомство басшысы әйелдердің жан сұлулығы мен мінез ерекшеліктері қоғамның айнасы екенін атап өтіп, нәзік жандарға раушан гүлдері мен көктемгі көңіл-күй сыйлады.