Павлодарлық кәсіпкерге жер учаскесін беруді негізсіз кешіктірген
Жер учаскесін беруді кешіктірген лауазымды тұлғаларды тәртіптік жауапкершілікке тарту қарастырылуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің мәліметінше, кәсіпкер әкімдік қызметкерлерінің жер учаскесін берудегі уақытты негіссіз кешіктіргені жөніндегі шағыммен жүгінген.
Талдау барысында кәсіпкер 2022 жылғы 13 қыркүйекте автокөлік жуудың өндірістік базасын, техникалық қызмет көрсету станциясын пайдалану және күтіп ұстау үшін жер учаскесіне құқық алу (беру) туралы өтінішпен жүгінгені анықталды.
— Былтыр 21 қазанда Павлодар қаласы әкімдігі жанындағы жер комиссиясы оң қорытынды берген. Алайда жергілікті атқарушы орган жерге орналастыру жобасы бекітілген сәттен бастап 3 күн өткеннен кейін тиісті қаулы шығармаған, яғни 90 жұмыс күнінен асырып, белгіленген мерзімдерді бұзған, — деп жазылған хабарламада.
Департтаменттің араласуынан кейін мүдделі тараптардың қатысуымен кездесу ұйымдастырылды. Кездесудің қорытындысы бойынша жоғарғыда аталған жер учаскесін беру туралы қаулыға қол қойылды.
Қазіргі уақытта жер учаскесін беруді кешіктірген лауазымды тұлғаларды тәртіптік жауапкершілікке тарту бойынша шаралар қабылдануда.
Облыс азаматтары мен кәсіпкерлері сыбайлас жемқорлық көріністеріне, әкімшілік кедергілерге тап болған жағдайда 37-85-86 нөмірі бойынша өңірдің сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің жедел желісіне хабарласа алады.