Павлодарлық жігіт қоңырау арқылы Түркістандағы танысын суицидтен құтқарды
Бірнеше секундқа кеш көмек көрсетілген жағдайда қыздың өмірін аман сақтап қалу мүмкін емес болушы еді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Polisia.kz ақпараттық медиа-порталының мәліметінше, оқиға Түркістан облысындағы үйлердің бірінде орын алды. Түнгі уақытта павлодарлық жас жігіт Төлеби АПБ-ға қоңырау шалып, Түркістан облысында тұратын өзінің танысы өзін-өзі зиян келтіргелі жатқанын және оны тез арада құтқару керектігін хабарлаған. Полиция қызметкерлері Есенғали Асқарбеков пен Бейбарыс Серікбаев ойланбастан бірден қыздың тұрғылықты мекенжайын анықтап, сол жерге барды. Үйдің қақпасын ешкім ашпады. Тәртіп сақшылары қақпадан асып түсіп, үйді тексеруге кіріскен.
– Полицейлер қыздың бөлмесінде жоқ екенін және асүйде қоштасу хатын тапты. Үйдің барлық жерін аралай бастады, бірақ қыз із-түссіз жоқ болып шықты. Олар үйдің төбесіне апаратын баспалдақты байқап, оған көтеріліп, сол сәтте арқанға ілулі тұрған қызды тапқан. Біреуі қызды көтеріп, екіншісі ілмекті кесіп тастады, – делінген хабарламада.
Қызға алғашқы медициналық көмек көрсетілді: жансызданған аяқ-қолдарын уқалап, жасанды тыныс беріп, жедел жәрдем шақырды. Полицейлер 24 жастағы қызды өлімнен құтқарып қалды.
– Қазіргі уақытта оның жағдайы тұрақты. Оқиғаның толық мән-жайы әлі де анықталып жатыр. Анасы тәртіп сақшыларына шын жүректен алғысын білдірді, – деп жазылды хабарламада.
Дәрігерлердің сөзінше, егер де бірнеше секундқа кешігіп қалса, онда қыз өмірмен қош айтысуы мүмкін еді.