Павлодар облысының бірқатар ауданында құстардың жаппай өлімі тіркелді

Мамандар аулаларды күн сайын аралап, жағдайды бақылауда ұстап отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
– 2025 жылдың 3 қыркүйегі мен 8 қазаны аралығында Павлодар облысының сегіз елді мекенінде орналасқан 44 жеке аулада құстардың ауруы мен өлімі тіркелді. Құстар өлімі тіркелген аудандар: Ақтоғай (Шілекті ауылы), Шарбақты (Орловка ауылы), Железин (Жаңажұлдыз, Церковное ауылдары), Тереңкөл (Жаңақұрылыс, Қоржынкөл, Алтай ауылдары) және Ертіс ауданы (Северное ауылы). Өлген құстардың жалпы саны 2 256 басты құрады, – деді облыстық ветеринария басқармасының баспасөз қызметі.
Ветеринариялық қызмет өлген құстардан патологиялық материалдарды іріктеп алып, оларды Астана қаласындағы «Ветеринария жөніндегі ұлттық референттік орталығына» зерттеуге жіберді. Зертханада материалдар «Жоғары патогенді құс тұмауы», «Ньюкасл ауруы», пастереллез және сальмонеллез ауруларына тексерілуде.
Ветеринариялық қызмет үй құстарын емдеу, өлген құстарды есепке алу және оларды жою мақсатында аулаларды күнделікті аралауды жалғастыруда. Аталған жағдай тұрақты бақылауда ұсталып отыр.