Павлодарлық жүргізушілер VIP нөміріне қыруар қаражат жұмсайды
Автокөлік иелері VIP нөмірлер үшін 100 миллион астам теңге жұмсаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» Павлодар облысы бойынша филиал директорының орынбасары Рахат Қошанов айтты.
– Автокөлікті сатып алу кезінде әрбір азамат көлік құралына мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісін алуға міндетті. Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында облыста автокөлік иелері VIP нөміріне 136 миллион теңгеден астам қаражат бөлді, – деді Рахат Қошанов.– Клиент ұсынылған сандар арасында таңдау жасап, компьютер арқылы таңдай алады. Ең арзан алған VIP нөмір 198 мың теңгені құрады. Көлік құралы сатылған жағдайда бұл нөмір «Халыққа қызмет көрсету орталығында» беріліп, сақталады. Оның ескіру мерзімі жоқ.
Спикердің сөзінше, бүгінде сәтті іске асырылып жатқан сервистердің ішінде көлік құралын екінші деңгейдегі банктер арқылы қайта тіркеу бар. Сондай-ақ, электрондық үкімет порталы арқылы қол жеткізуге болады. Қысқа уақыт ішінде азаматтар үйден және жұмыстан шықпай, бір сағат ішінде құжаттарды алуға мүмкіндігі бар.
– Биыл «Халыққа қызмет көрсету орталығының» қызметкерлері үйден қызмет алушыларға 1 миллион 200 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетті. Бұл қызметті мүмкіндігі шектеулі адамдар, Ұлы Отан соғысы ардагерлері пайдалана алды, – деді спикер. – Аталған қызметті пайдалану үшін 1414 нөміріне хабарласу қажет.
Қазіргі уақытта проактивті форматта қамқоршысынан айырылу, еңбекке қабілеттілікті жоғалту, жұмысты жоғалту бойынша әлеуметтік жәрдемақы тағайындау, мүгедектік бойынша жәрдемақы, баланың тууы бойынша немесе оны күту бойынша мемлекеттік жәрдемақы, «Алтын алқа», «Күміс алқа» марапаттары алған аналарда жәрдемақы тағайындау қызметтер қолжетімді.
Фото: Константин Шелков