Павлодарлық іздеушілер Мәскеуде 13 мың жерлестің тарихын таныстырды

Павлодарлық іздеушілер Мәскеуде 13 мың жерлестің тарихын таныстырды
Фото: Александр Шитов

Еріктілер «Новый мир: ценности, которые объединяют» атты II Дүниежүзілік қоғамдық ассамблеяға қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ассамблея жұмысына әлемнің 150 елінен халықаралық қоғамдастықтың 5600-ге жуық өкілі қатысты.

Халықтық дипломатия түрлі елдердің тұрғындарын ортақ тақырыптар, тарихи жады мен құндылықтар төңірегінде біріктіреді. Осындай бағыттардың бірі – Ұлы Отан соғысы мен Жеңіс ұрпағының ерлігін есте сақтау.

«Майдан жолы» іздеу жасағы халықаралық «Біздің (менің) Отанға сыйлығым» мегажобасының бір бағытын таныстырды. Жобаның авторы әрі жетекшісі – Халықаралық ақпараттандыру академиясының толық мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Лайла Ахметова.

Жасақ командирі Александр Шитовтың айтуынша, жобаның негізгі мақсаты – Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс туралы тарихи жадыны сақтауға атсалысатын адамдарды біріктіру.

– Мегажоба 80-нен астам бастаманы біріктіріп, Ұлы Жеңіс туралы ортақ жады мен оны болашақ ұрпаққа жеткізу жауапкершілігі байланыстыратын адамдар мен ұйымдар үшін үлкен алаңға айналды. Жобаға әскери-патриоттық және қоғамдық ұйымдар, музейлер, білім беру мекемелері, іздеу қозғалыстары мен бейжай қарамайтын азаматтар қатысты, – деді Александр Шитов.

Оның сөзінше, жобаға қатысушылардың көбі Мәскеуде өткен II Дүниежүзілік қоғамдық ассамблеяға да қатысып, тарихи жадыны сақтау мәселесін халықаралық деңгейде талқылады.

«Майдан жолы» бұл алаңда өзінің көпжылдық іздестіру жұмыстары мен жауынгерлердің, олардың отбасылары және жерлестерінің тағдыры туралы баяндады.

Іздеушілер Павлодар өңірінің жасөспірімдері қатысқан зерттеу жобасын да таныстырды. Олар Әскери-теңіз флоты ардагерлері болған жерлестер туралы деректерді жинап, олардың есімдерін сақтаумен айналысады.

Жоба аясында Әскери-теңіз флотында қызмет еткен 13 мың қазақстандық туралы мәлімет жиналып, жүйеленді. Келесі кезеңде осы тақырыпқа арналған Қазақстандағы алғашқы естелік кітаптарының бірін шығару жоспарланып отыр. Басылымға жерлестердің есімдері, тағдырлары мен олардың қосқан үлесі туралы мәліметтер енгізілмек.

«Майдан жолы» жасағы 17 жылдан бері Ұлы Отан соғысы майдандарында қаза тауып, хабарсыз кеткен қазақстандық жауынгерлерді іздеумен айналысады.

Осы уақыт ішінде іздеу экспедициялары Ресейдің Ленинград, Псков, Мәскеу, Новгород, Волгоград, Сахалин және Калининград облыстарында, Украинаның Харьков облысында, Молдовада, сондай-ақ Беларусьтің Витебск, Гомель және Могилев облыстарында өткізілді.

Көпжылдық іздеу жұмыстары нәтижесінде Қызыл Армияның 390 сарбазы мен офицерінің сүйегі табылып, жерленді. Олардың арасында Қазақстанның әр өңірінен шыққан тоғыз жауынгер бар. Олардың сүйектері туған жеріне жеткізіліп, жақындарының қасына жерленген.