Кәуап, шылым: Павлодар облысында саяжайлардағы өрттердің себебі аталды

Кәуап, шылым: Павлодар облысында саяжайлардағы өрттердің себебі аталды

Биыл облыстың  11 бағбаншылығы отқа оранған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Павлодар облысы ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы, азаматтық қорғау майоры Оразбек Уалиханов мәлім етті. 

– Бүгінгі таңда облыс бойынша саяжай бағбаншылығында 11 жану фактісі тіркелген. Жалпы ауданы 10,7 гектарды құрады. Зардап шеккендер жоқ, жұмыс істеп тұрған саяжайлар бүлінбеген. Көбінесе саяжай учаскелеріндегі өрттің шығуы адами факторлармен байланысты болады. Қараусыз қалған саяжай аумақтарда көршілердің шөп жағуынан өрт шығады. Енді біреулер саябақта кәуап пісіреді, сөндірілмеген темекі тұқылын тастайды. Саяжай иелері шөпті өртегеннен гөрі оны учаскеден шығарғаны дұрыс, – дейді Оразбек Уалиханов.

Оның айтуынша, көп жағдайда өрт  әуежай маңында орналасқан саяжайларда тіркеледі. Сонымен қатар, өрт қауіпсіздігі ережелерінің талаптарын бұзғаны үшін –   құрғақ шөпті, қоқысты жағу кезінде 4 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оларға 138 мың теңге сомасында айыппұл салынды. 

ТЖД басқармасы өрт қауіпті кезеңі басталуымен ең қарапайым ережелерді сақтауға шақырды. Бұл –  құрғақ шөпті жақпау, учаскелерде қалдықтар мен қоқыстарды жинау, сөндірілмеген сіріңкелерді, темекі тұқылдарын тастамау, жанғыш газдары бар контейнерлерді күн астында қалдырмау,  қоқыстарды, қалдықтарды жақпау.

–  Жалпы облыс аумағында 30 бау-бақша кооперативі орналасқан. Жергілікті атқарушы органдар мен саяжай бағбаншылықтарының төрағалары іргелес аумақтардан қоқыс шығару, минералданған жолақтарды мен өрт гидранттарын орнату бойынша жұмыстар жүргізуде, – дейді Оразбек Уалиханов.

Айта кетейік, былтыр тұрғындардың өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамағандықтан  бау-бақша кооперативтерінде 74 өрт пен жану орын алған. Салдарынан  646 саяжай учаскесі ішінара немесе толығымен зақымданды, оның 186-сы – қолданыстағы саяжайлар.

Фото: Константин Шелков