Павлодарлық құтқарушылар жаз бойы 60-қа жуық адамды ажалдан аман алып қалды
Өңірде шомылу маусымы қорытындыланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Биыл облыста су айдындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында профилактикалық жұмыстар күшейтіліп, балаларды оқытуға және құтқару бөлімшелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға ерекше көңіл бөлінді. Маусым барысында құтқарушылар 59 адамды аман алып қалды. Сонымен қатар, су айдындарында сегіз адам қаза тапты, олардың екеуі – кәмелетке толмағандар.
2026 жылы облыста су айдындарының маңында халықтың жаппай демалуына арналған 35 ресми орын жұмыс істеді. Оның 22-сі коммуналдық, 13-і жеке меншік нысан болды. Балалардың қауіпсіз демалысы үшін алты арнайы аймақ жабдықталды.
Су айдындарындағы қауіпті учаскелерді белгілеу жұмыстары да күшейтілді. Ескерту және тыйым салу белгілерінің саны артып, Павлодар және Ақсу қалаларындағы шомылуға тыйым салынған 43 орын 2GIS картасына енгізілген.
Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Думан Қыдырмоллаевтың айтуынша, құтқару бөлімшелерін заманауи техникамен және қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету – судағы қауіпсіздікті арттырудың маңызды бағыттарының бірі.
– Биыл құтқару бөлімшелерінің материалдық-техникалық жарақтандырылуына ерекше көңіл бөлінді. Қосымша катерлер және жүзу мен сүңгуір құралдары алынды. Қазіргі таңда бұл жабдықтардың барлығы құтқарушылардың пайдалануында. Мұндай техникалық мүмкіндіктер су айдындарында жедел әрекет етуге мүмкіндік береді, – деді Думан Қыдырмоллаев.
Бұдан бөдек, маман қайғылы оқиғаларды талдау негізгі қауіп факторларын анықтауға мүмкіндік беретінін атап өтті. Олардың қатарында жабдықталмаған және шомылуға тыйым салынған жерлерде суға түсу, алкогольдік ішімдіктерді пайдалану, өз күшін және жүзу дағдыларын асыра бағалау, балаларды қараусыз қалдыру, сондай-ақ шағын көлемді кемелерді пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтамау бар.
Профилактикалық іс-шаралар барысында қауіпсіздік талаптарын бұзған азаматтарға қатысты әкімшілік шаралар да қолданылды. Маусым қорытындысы бойынша 182 әкімшілік айыппұл салынып, 161 ескерту жасалды.
Шомылу маусымының аяқталуы су айдындарындағы қауіпсіздік жұмыстарының тоқтағанын білдірмейді. Күз мезгілінде су айдындарындағы қауіп-қатер сипаты өзгереді. Осыған байланысты профилактикалық жұмыстардың негізгі бағыты балықшылардың, шағын көлемді кемелердің иелерінің және су айдындарының маңында жүрген азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ауысады.
Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды су айдындарында қауіпсіздік талаптарын сақтауға, тыйым салынған жерлерде суға түспеуге, балаларды қараусыз қалдырмауға және шағын көлемді кемелерді пайдалану кезінде белгіленген ережелерді сақтауға шақырады.