Павлодар облысында қарашаның басында күн 12 градусқа дейін жылынады
Айдың алғашқы онкүндігінде жауын-шашын аз болып, кей күндері қар аралас жаңбыр жауады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Қазгидромет» РМК мәліметінше, қарашаның алғашқы онкүндігінде Павлодар облысында негізінен жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі. Батыстан соғатын желдің жылдамдығы көбіне секундына 9–14 метр болады.
1 қарашада облыстың солтүстігінде күндіз аздаған жаңбыр жауады. Түнде ауа температурасы 0–5 градус жылы, шығыс аудандарда 3 градус аяз болады. Күндіз 7–12 градус жылы.
2 қарашада өңірдің басым бөлігінде жаңбыр мен қар жауады. Түнгі температура өзгермейді, ал күндіз 3–8 градус жылы болады.
3 қарашада да қар аралас жаңбыр күтіледі. Одан кейін 7 қарашаға дейін жауын-шашын болжанбайды. Бұл күндері түнде 1–7 градус аяз, күндіз 3–12 градус жылы болады.
8 қарашада жаңбыр мен қар қайта жауады. Түнде ауа температурасы 0–5, күндіз 7–12 градус жылы болады. Желдің екпіні секундына 15–20 метрге дейін күшейеді.
9 қарашада күн суытады. Түнде 1–6 градус аяз, күндіз 2–7 градус жылы болады. Облыстың батысында түнде жауын-шашын түсіп, көктайғақ пен тұман күтіледі.
10 қарашада жауын-шашын болмайды. Түнде ауа температурасы 3–8 градус аязға дейін төмендеп, күндіз 0–5 градус жылы болады.