Павлодар облысында жаңа мал қорымдары пайда болады

Қазіргі кездегі мал қорымдарының көпшілігі – қарапайым шұңқырлар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ветеринария басқармасы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментімен бірлесе отырып, адамдар мен жануарларға ортақ аса қауіпті ауруларға күдік туған немесе пайда болған жағдайда бірлескен іс-қимыл алгоритмін әзірледі. Бұл туралы Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың қатысуымен өткен аппарат отырысында айтылды.
Сібір жарасы қорымдары мен мал қорымдарын бақылау жоспардың маңызды бағыты болып табылады. Облыста сібір жарасының 131 жерлеуі бар болса, олардың барлығы анықталып, облыстық ветеринариялық стансаның балансына қойылған. Жыл сайын көктем және күз айларында жерлеу орындарының жағдайына мониторинг жүргізілуде.
Облыста 239 мал қорымы бар, оның 33-і стандартты және ветеринарлық-санитарлық талаптарға сай, қалған 206-сы жай шұңқырлар. Сондықтан, ветеринария бөлімі тағы 33 мал қорымын салуды жоспарлап отыр.
– Баянауыл ауданындағы Жаңатілек ауылдары мен Ертіс ауданындағы Панфилов ауылында жаңа мал қорымдары пайда болады. Жобалық-сметалық құжаттары дайын, сараптамадан өтуде. Аудандық құрылыс бөлімдері арқылы жүзеге асыру жоспарлануда, –деп қосты ветеринария басқармасының басшысы Асылтас Тілеубаев.
Аймақ басшысы мал қорымдарын салу жауапкершілікті талап ететін күрделі жұмыс екенін атап өтті.
– Бұрын мал қорымдары Беккари шұңқырлары деп аталған. Мұндай шұңқырлардың жанында санитарлық аймақ бір мың метр болуы керек, яғни шұңқырлардың жанында ештеңе жасауға болмайды. Осы аймақтарда, ең біріншіден, үйлер мен мектептер болмауы қажет, – деп түсіндірді Асайын Байханов. – Бірге жұмыс істеуіміз керек, аудандар ветеринария бөліміне хат жазып, жобаларды маған көрсетіңіздер. «Дәрігер адамды емдесе, ветеринар адамзатты емдейді» дегендей, ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етсек, азық-түлік қауіпсіздігіне де кепілдік болмақ.
Оған қоса, отырыста бұған дейін Қазақстанда ешқашан болмаған жануарлардың мәйітін жоюдың жаңа әдісі – кремация туралы айтылда. Осы арзан әдісті мал басы көп аймақтарға енгізуді ұсынуда.