Павлодарлық университет пен ірі зауыт жаңа мамандарды бірлесіп даярлайды

Павлодарлық университет пен ірі зауыт жаңа мамандарды бірлесіп даярлайды
Константин Шелковтың фотосы

Қос тарап серіктестік мәселелерін талқылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Евразиялық механикалық зауыт «Павлодар» арнайы экономикалық аймағында бір жылдан аз уақыт жұмыс істесе де, тұрақты тұтынушылары қалыптасқан. Олардың қатарында Павлодар облысы мен Қазақстанның өзге өңірлеріндегі ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар бар. Зауыт энергетика, мұнай-газ, қара және түсті металлургия салаларына арналған металл бұйымдарын механикалық өңдеумен айналысады. Өндірісте Испания мен Германияда шығарылған заманауи сандық бағдарламамен басқарылатын өңдеу орталықтары жұмыс істейді.

– Қазіргі таңда зауытқа сандық бағдарламамен басқарылатын станоктардың операторлары, технологтары мен метрологтар өте қажет. Бұл  – тек бір зауыттың емес, жалпы елдегі металөңдеу саласының өзекті мәселесі, – деді кәсіпорын басшысы Сағыныш Нұрқымбаев.

Осыған байланысты ЕМЗ басшылығы Торайғыров университетімен ынтымақтастықты бастамалап отыр. Кәсіпорын оқытушылар мен жоғары курс студенттерін бейінді білім беру бағдарламалары бойынша оқытуға көмектесуге дайын. Болашақта бұл мамандар бүкіл салаға кадр даярлайтын болады.

Торайғыров университетінің ректоры Нұрлан Медетов университет үшін мұндай серіктестіктің маңызды екенін атап өтті. Бұл еңбек нарығының нақты сұраныстарына сай мамандар даярлауға мүмкіндік береді әрі білім беру бағдарламаларының тартымдылығын арттырады. Тараптар шетелдік тәжірибені ескере отырып, кадр даярлау бағдарламасын жақын арада бірлесіп әзірлеуге келісті.