Белгілі футболист Павлодарда борышын өтеп жүр
Ол әскер қатарына қабылданғаннан кейін «Жетісу» футбол клубында ойнаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
ҚР Ұлттық ұланы «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының мәліметінше, Глеб Малиновский есімі футболсүйер қауымға етене таныс. «Жетісу» клубының қақпашысы ерекше ойын өрнегімен бірталай жанкүйердің жүрегін баурап алған. Отан алдындағы борышын өткеруге шақырту алған спортшы клуб арасындағы келісімшартын уақытша тоқтатып, Ұлттық ұлан қатарына қосылды. «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6679 әскери бөлімінде мерзімді әскери қызметін өтеуші Жетісу облысы Қарабұлақ ауылының тумасы.
– Ойынның елу пайызы қақпашыға байланысты. Сондықтан маған артылған жауапкершілік те жоғары. Бірінші лигада ойын көрсеткен жетісулық клуб 2021 жылы турнир кестесінде бірінші орынға ие болып, премьер лигаға жолдама алды. Мұндай мерейлі күнге жету жолында қосқан титтей де үлесім үшін өзімді бақытты санаймын, – дейді қатардағы жауынгер Глеб Малиновский.
Сондай-ақ, ол Ұлттық құраманың жиырма бір жасқа дейінгі ойыншылар арасындағы жиындарға біраз мәрте шақырту алған.
Павлодар қаласындағы әскери бөлім жауынгерлік даярлықтан бөлек, спорттық іс-шараларды жиі ұйымдастырады.
– Павлодар гарнизонында ұйымдастырылған футболдан өткен турнирлерде қатардағы жауынгер кәсібилігімен көзге түсті. Сондай-ақ, Глебтің жауынгерлік даярлығы да жоғары деңгейде, – дейді рота командирі капитан Нұржігіт Алпысбаев.
«Порту» клубының ойыншысы Икер Касильясты үлгі тұтатын сарбаз әскер сапында да қажетті жаттығуларын жасап жүр. Ол мерзімді әскери қызметін өткергеннен кейін клубына қайта оралып, теңбіл доптың теңдесіз шеберіне айналуды мақсат тұтады