Павлодарлық өнерпаз Дельфий ойындарында ым-ишарамен ән айтудан үздік атанды
Мәртебелі бәйгеде ТМД елдерінің 7-17 жас аралығындағы талантты жасөспірімдері бақ сынауда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz
30 қыркүйек пен 5 қазан аралығында Қырғыз Республикасының Бішкек қаласында ТМД мемлекеттерінің қатысуымен Дельфий ойындары өтіп жатыр. Ойындар бағдарламасы фестиваль және конкурстық бағдарламаға бөлінген халықтық, классикалық және заманауи өнердің 11 конкурстық номинациясы бойынша жарыстарды қамтиды: фортепиано, скрипка, классикалық гитара, бейнелеу өнері, эстрадалық ән, халық биі, жеке халық әні, диджейлік, халық аспаптары, көркем қолөнер, сондай-ақ парадельфия номинациясы – ым-ишара тілінде ән айту.
Павлодар № 1 балабақша - мектеп интернатының арнайы кешенінің тәрбиеленушісі Ламина Шегебаева Қазақстаннан келген делегация жүлдегерлерінің қатарына кіріп, Павлодар қаласының намысын қорғады. Ол ым-ишара тілінде ән орындау номинациясында бірінші орынға ие болды.
Бағалаудың негізгі критерийлері – көркемдік орындау деңгейі, қолданылатын қимылдардың дәлдігі, мәнерлілік және сахналық бейне болды. Қазылар алқасының шешімімен Ламина Шегебаева критерийлерге сай болып, жеңімпаз атанды.