Павлодарда үш тілді жетік меңгерген математик облыстық байқауда топ жарды
С. Торайғыров атындағы облыстық кітапханада үш тілді жетік меңгерген жастар арасында «Тіл шебері» атты облыстық байқау өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Сайысқа облыстың әр ауданы мен қалаларынан 10-нан астам тұрғын қатысты. Байқаудың мақсаты – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін меңгерген жастарды анықтау, қолдау көрсету, тіл мәдениетін көтеру, үштілділікті насихаттау.
– Байқауда ұлт пен жасқа шектеу қойылмады. Дәстүрлі түрде өткізілетін «Тіл шебері» атты облыстық сайыста 12 қатысушы бақ сынады. Қатысушылар алдымен аудандарда іріктеліп, облыстық байқауға жолдама алады және бұл сайыс облыстық деңгеймен шектеледі, – дейді Павлодар облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Саяуыш Сәдуақасов.
Шара ҚР тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында ұйымдастырлуда.
– Қатысушылардың жастары әртүрлі. Сондай-ақ, өзге ұлт өкілдері де бақ таластыруда. Біз мемлекеттік тілді насихаттау жұмыстарын көп өткізгендіктен, шет тілдер көзден таса қалып жатады. Сондықтан осындай шараларды ұйымдастырудамыз, – дейді Саяуыш Сәдуақасов.
Шараға жоғары сынып оқушылары, студенттер, тіпті мектеп ұстаз қатысуда.
Байқауда үшінші орынды ақтоғайлық Жанерке Қасымова, екінші орынды Ақсу қаласының тұрғыны Әсел Ахмедиева алды. Бірінші орынды Павлодар қаласының намысын қорғаған математика пәнінің мұғалімі Мақсат Темірбай иеленді.
– Мен бұл байқауға өзімнің тілдік білім деңгейімді сынап көруге келдім. Бүгінгі таңда ағылшын, орыс, қазақ тілдерін білемін. Алдағы уақытта бірнеше тілді меңгергім келеді. Мұсылман болғандықтан араб, қытай, француз тілдерін үйрену ойда бар. Егер адамда ынта болса, көптеген жетістікке жетуі мүмкін. Мүмкін емес нәрсе жоқ, – дейді Ж.Ташенов атындағы ЖОБМ математика пәнінің мұғалімі Мақсат Темірбай.
Ол сандық ережелерден бөлек, мектеп қабырғасында оқып жүрген кезден бастап өзге тілдегі сөздерді де жадында сақтауды әдетке айналдырған. Сондай-ақ, болашақта бірнеше тіл меңгеріп, ел аралауды армандайды.