Павлодарлықтар қалай баспаналы бола алады?

«Наурыз Жұмыскер» тұрғын үй бағдарламасы бойынша диалогтық алаң өтеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жастар бастамаларын дамыту орталығының баспасөз қызметінің мәліметінше, 14 наурыз күні сағат 18:30-да қала тұрғындары аталмыш тұрғын үй бағдарламасына қатысу мүмкіндіктері туралы толық ақпарат ала алады.
Кездесу барысында келушілер бағдарламаға кімдер қатыса алатынын, қажетті құжаттар тізімін, өтінім беру және несие алу процесін, бастапқы жарна мен пайыздық мөлшерлемені, сондай-ақ бағдарлама аясында сатып алуға болатын тұрғын үйлер туралы біле алады.
Бастапқы жарна 20%-дан, ал таза әрлеудегі бастапқы тұрғын үй үшін 10%-дан басталады. Максималды несие сомасы – 30 миллион теңге, несие мерзімі – 19 жылға дейін.
Бағдарламаға 18-63 жас аралығындағы азаматтар қатыса алады. Соңғы 6 айдағы ресми табыстың болуы – міндетті талап.
Бағдарлама құрылыс, өнеркәсіп, көлік, ауыл шаруашылығы және басқа да салаларда жұмыс істейтін жұмысшы мамандықтарының өкілдеріне арналған.
Кездесуге жазылу үшін +7 (707) 665-58-03 WhatsApp нөміріне хабарлама жіберу қажет.
Өтетін орны: Ломов көшесі, 38.