Төрт тілді жетік меңгерген павлодарлық полицей қала қонақтарын таңдандыруда

Ол құқық қорғау органдарындағы қызметін 2023 жылы бастаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Қазақстанда жыл сайын 5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдерінің күні аталып өтеді. Бұл мереке – еліміздегі барлық этносты біріктіріп, ана тілі мен мемлекеттік тілді білудің маңызын айқындайды. Солардың ішінде мемлекеттік тілді еркін меңгерген павлодарлық полицей Захар Стрельниковтың айтуынша, ол қазақ тілін алғаш Түркістан облысы Сайрам ауданы Жібек Жолы ауылында мектеп қабырғасында жүргенде үйренген.
– Мемлекеттік тілді білу маған жұмысымда көмектеседі. Бұл – халқымыздың бірлігін қамтамасыз ететін негізгі фактор және патриотизмнің көрінісі. Егер біз өзімізді танып, мойындағымыз келсе, оны лайықты меңгеруіміз керек, – дейді ол.
Ұлты орыс болса да, бала кезінен тілдер мен мәдениетке қызыққан Захар бүгінде қазақ, орыс, өзбек және түрік тілдерінде еркін сөйлейді. Оның полиглоттық қабілеті павлодарлық жүргізушілерді де, қала қонақтарын да таңдандырады.
Сондай-ақ, құқық қорғау органдарындағы қызметін ол 2023 жылы бастаған. Жұмабек Тәшенев атындағы университеттің «құқықтану» мамандығын тәмамдағаннан кейін бірден Павлодар полициясында инспектор қызметіне кірісіп, кәсіби білімі мен тәжірибесін жаңа деңгейде іске асыра алды.
Әріптестері оны өз ісінің нағыз маманы ретінде сипаттайды. Бірақ Захарды өзгелерге үлгі ететін басты ерекшелік – бірнеше тілді меңгеруі. Бұл қасиет түрлі мәдениет пен ұлт өкілдері арасындағы түсіністік пен ынтымақтастықты арттыруға ықпал етеді.
Полицей үшін мемлекеттік тілді білу – жай ғана дағды емес. Ол қоғамға адал әрі тиімді қызмет етуге жол ашатын басты құрал болып табылады.