Павлодарлықтар әскерге шақыртуды онлайн алатын болады
Бұл функция әскерге шақыру туралы ақпаратты көруге көмектеседі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
eGov мобильді қосымшасында «Цифрлық ақпарат» сервисінің жаңартуы енді тұрғындарға өздерінің әскери мәртебесі туралы ақпаратты телефонынан көруге және бөлісуге мүмкіндік береді. Жаңа мүмкіндік деректерге қол жеткізуді жеңілдетті.
Енді міндетті әскери қызметке шақыру туралы ақпаратты, атап айтқанда, азаматтың мерзімді әскери қызметке шақырылу мәртебесі туралы мәліметтерді және мерзімді әскери қызметке шақыру шарттары туралы мәліметтерді онлайн көруге болады.
Сонымен қатар, азамат өзінің мәліметтерін мессенджер арқылы eGov Mobile қосымшасына тікелей сілтеме арқылы ЖСН, БСН немесе қызмет алушының телефон нөмірін көрсете отырып, әскери комиссариатқа өз бетінше жібере алады.
Қызметті пайдалану үшін eGov Mobile қосымшасына кіріп, «Ақпарат» бөліміне өтіп, содан кейін «Тарихы» бөлімінде келген сұрауларын қарау керек. Деректерді тасымалдау сұрауына рұқсат беруді немесе бас тартуды таңдауға болады. Егер ойыңызды өзгертсеңіз, жіберілген деректерді кері шақыра аласыз.
Жаңа функционалдық жаңарту ҚР Қорғаныс министрлігімен, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Мемлекеттік қызметтер көрсету комитетімен және «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-мен бірлесіп жүзеге асырылды.