Павлодарлықтар өткенге саяхат жасады

Екі дөңгелекті арбаның көшірмесін музей қызметкерлері жасаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Г. Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейінің мамандары Әз Наурызға орай Қимақ қағанатының тарихына арғалған көрме ұсынды.
Рухани азық ордасының өкілі Жеңісбек Қадырұлының айтуынша, экспозицияға өңірде археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған жәдігерлердің бір бөлігі қойылды.
– Ежелгі заманда Қимақ қағанатының хандары осындай арбамен жүрген. Қос дөңгелекті көшпенділер көлігі кеңінен қолданыста болған. Наурыз мерекесі күні осындай арбамен кез келген павлодарлық жүру мүмкіндігіне ие болды. Сонымен қатар, қимақ руларының атаулары жазылған байрақ та ұсынылды. Бұл туда төте жазудағы ру атаулары көрініс табады, – дейді Жеңісбек Қадырұлы.
Айта кетейік, көрме тақырыбы ретінде Қимақ қағанаты тарихының таңдап алынғаны жайдан жай емес. Қағанаттың Ертіс өңірінде болуы дәлелдейдін айғақтар көп. Мәселен, 2016 жылы Байдала ауылының маңынан көне күйме табылды. Бірегей артефактіге зиян келмес үшін арба топырағымен бірге алынып, зерттеуге әкелінді.