Павлодарлықтарға мүлік салығы бойынша жеңілдіктер түсіндірілді

2024 жылға мүлік салығын төлеу мерзімі 1 қазанда аяқталады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Түсіндіру жұмысы және Байланыс-орталығы басқармасының мәліметінше, қазіргі уақытта облыс тұрғындарына салық сомасы туралы SMS-хабарламалар жіберілуде.
Мүлік салығының мөлшерін және төлем жасау мүмкіндігін азаматтар «e-Salyq Azamat» мобильді қосымшасындағы «Жеке тұлғалар және ЖК үшін алдағы төлемдер» сервисі арқылы, сондай-ақ «Halyk Bank» және «Kaspi Bank» қосымшалары арқылы біліп, бір мезгілде төлем жүргізе алады.
Салық кодексінің 526-бабының 2-тармағына сәйкес, кейбір санаттағы азаматтар мүлік салығынан толық немесе ішінара босатылады. Жеңілдіктер келесі тұлғаларға қолданылады:
– Кеңес Одағының батырлары, Социалистік Еңбек ерлері, «Халық қаһарманы», «Қазақстанның Еңбек Ері» атақтарының иегерлері, сондай-ақ үш дәрежелі Даңқ ордені мен «Отан» орденінің иегерлері – салық салынатын барлық объектілердің жалпы құнының 1000 айлық есептік көрсеткіш (3 932 000 теңге) шегінде салықтан босатылады;
– Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен оларға теңестірілген тұлғалар, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, сондай-ақ соғыс жылдарында тылда кемінде алты ай жұмыс істеген және марапатталмаған азаматтар – жалпы құны 1500 АЕК (5 898 000 теңге) шегінде босатылады;
– мүгедектігі бар азаматтар – 1500 АЕК шегінде босатылады;
– жетім балалар мен 18 жасқа дейін ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, сондай-ақ бала кезінен мүгедектігі бар адамның немесе мүгедек баланың ата-анасының бірі – тұрғын үйлер, саяжай құрылыстары, гараждар және өзге де объектілер бойынша босатылады;
– «Батыр ана» атағы мен «Алтын алқа» иегерлері – жер учаскелері мен тұрғын мүлікке қатысты 1000 АЕК шегінде салық төлемейді;
– бөлек тұратын зейнеткерлер (үйде тек зейнеткерлер тіркелген жағдайда) – өз меншігіндегі тұрғын үй, басқа құрылыстар мен жер телімдері бойынша 1000 АЕК шегінде босатылады;
– жеке кәсіпкерлер – кәсіпкерлік мақсатта пайдаланылатын (тұрғын үй болып табылмайтын) объектілер бойынша босатылады;
– көппәтерлі тұрғын үйдегі пәтер (бөлме) иелері – жер учаскесіндегі өз үлесі бойынша салық төлеуден босатылады.
Қосымша ақпарат алу үшін азаматтар 1414 нөміріне (3 батырмасы) немесе салық салу объектісі орналасқан жері бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасына жүгіне алады.
Павлодар облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті салық төлеу – әр азаматтың Конституциямен бекітілген міндеті екенін еске салып, тұрғындарды оны уақтылы орындауға шақырады.