Павлодарлықтар жеке куәлікті онлайн ауыстыра алады

Павлодарлықтар жеке куәлікті онлайн ауыстыра алады
Фотосуретті облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі ұсынды

Қазақстанда пилоттық жоба іске қосылмақ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Polisia.kz ақпараттық медиа-порталының мәліметінше, қазақстандықтар жеке куәліктің мерзімі аяқталған жағдайда оны онлайн режимде ауыстыру мүмкіндігіне ие болады. Жоба азаматтарға көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға және процесті оңтайландыруға бағытталған.

– ҚР Ішкі істер министрлігі мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі жеке куәліктің мерзімі аяқталған жағдайда оны онлайн форматта беру бойынша пилоттық жобаны іске қосуды жоспарлап отыр. Қызмет электрондық үкімет порталы (eGov) мен халықты құжаттандыруға арналған мобильді қосымшалар арқылы көрсетіледі, – делінген хабарламада.

Жоба «Мемлекеттік қызметтер туралы» заңды іске асыру аясында әзірленген. Оның мақсаты – мемлекеттік қызмет көрсету процесін жетілдіру, тиімділігін арттыру, сондай-ақ азаматтарға жеке куәлікті мерзімі аяқталуына байланысты ауыстыру кезінде қызмет көрсету сапасын жақсарту.

«Қазақстан Республикасы азаматтарына төлқұжаттар мен жеке куәліктер беру» мемлекеттік қызметін онлайн форматқа көшіру жоспарланып отыр. Бұл өзгеріс тек жеке куәлікті оның мерзімі аяқталуына байланысты ауыстыруды қамтиды.

Медиа-порталда айтылғандай, қызмет алушы электрондық үкімет порталы немесе мобильді қосымшалар арқылы жүгінген кезде, жеке куәлік тек оның қолданылу мерзімі аяқталуына байланысты рәсімделеді. Қызмет жеке куәліктің қолданылу мерзімі аяқталуына 30 немесе одан аз күн қалған жағдайда немесе оның мерзімі өткеннен кейін 10 күннен аспайтын уақыт ішінде қолжетімді болады.