Полиция рейді: Павлодарда әрбір үшінші жүргізуші белдік тақпаған
Өңірде «Қауіпсіз жол» рейді: мыңға жуық жол ережесін бұзу дерегі анықталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, ең көп тіркелген құқық бұзушылықтардың бірі – қауіпсіздік белдігін тақпай көлік басқару. Осы бап бойынша 346 жүргізуші жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ көлік жүргізу кезінде ұялы телефон пайдаланған 157 жүргізушіге әкімшілік хаттама толтырылған.
– Бұдан бөлек, техникалық жағдайы белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін көлік құралын басқарған 98 жүргізуші анықталды. Мас күйінде рөлге отырған 38 адам ұсталды, – деді департаментте.
Рейд барысында мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерінсіз пайдаланылған 38 автокөліктің жол қозғалысына қатысуына тыйым салынған. Сондай-ақ заңсыз қайта жабдықталған 59 көліктің пайдаланылғаны белгілі болды.
– Павлодар қаласында Нұрсұлтан Назарбаев пен Кривенко көшелерінің қиылысында заңнамада белгіленген тәртіппен тіркелмеген транзиттік мемлекеттік тіркеу нөмірі бар Hyundai автокөлігі тоқтатылды. Жүргізушіге қатысты көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік материал рәсімделді, – деді тәртіп сақшылары.
Павлодар облысының полиция департаменті жүргізушілерді жол қозғалысы қағидаларын қатаң сақтауға, қауіпсіздік белдігін тағуға, көлік басқару кезінде ұялы телефон пайдаланбауға және мас күйінде рөлге отырмауға шақырады.