Премьер-министр: Қазақстан геологиялық саланы дамытудың жаңа моделіне көшуде
Олжас Бектенов Geoscience & Exploration of Central Asia (GECA 2026) халықаралық геологиялық форумына қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі ҚР Премьер-министрінің ресми ақпараттық ресурсына сілтеме жасап.
GECA 2026 форумы халықаралық ұйымдар, дипломатиялық корпус, сондай-ақ ұлттық және шетелдік компаниялар өкілдерін біріктірді.
Геологиялық форумның пленарлық отырысында сөз сөйлеген Премьер-министр Олжас Бектенов сала мамандарын келе жатқан кәсіби мерекесімен құттықтап, ел экономикасы мен өнеркәсібінің тұрақты дамуы үшін геологиялық барлаудың стратегиялық маңыздылығын атап өтті.
– Биыл – шын мәнінде, Қазақстан үшін тарихи жыл. Экономика мен қоғамның барлық саласын одан әрі жаңғырту ісіне тың серпін берген жаңа Конституция қабылданды. Жалпыхалықтық референдумда еліміздің азаматтары нағыз отаншылдықтың үлгісін көрсетіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ауқымды бастамаларына жаппай қолдауын білдірді. Қазірден бастап мемлекеттік басқарудың ашықтығын арттыруға, қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыруға және адам капиталын дамытуға бағытталған Ата заңның нормаларын жүзеге асыруға біз айрықша көңіл бөліп отырмыз. Аталған өзгерістер экономиканы дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашады, соның ішінде геологиялық барлау саласы отандық өнеркәсіптің стратегиялық негізіне айналды, – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Қазақстанда саланың инвестициялық тартымдылығын арттыруға, инфрақұрылымды жаңғыртуға және заманауи технологияларды қолдану аясын кеңейтуге бағытталған геология және жер қойнауын пайдалану саласындағы жүйелі реформалар жүзеге асырылуда.
Мұндағы маңызды қадам қызметтерге ашық қолжетімділікті қамтамасыз ететін жер қойнауын пайдаланудың Бірыңғай порталын іске қосу болып отыр. Мәселен, «Бірінші келді – бірінші алды» деген әлемдік озық тәжірибенің негізінде жер қойнауын пайдалану құқығын беру үдерістері айтарлықтай жеңілдетілді. Бұл соңғы үш жылда геологиялық барлауға шамамен 280 млрд теңге жеке инвестиция тартуға мүмкіндік берді.