Премьер-Министр Екібастұз экономикасының тұрақты дамуын атап өтті

Премьер-Министр Екібастұз экономикасының тұрақты дамуын атап өтті
Фото: ҚР Үкіметінің Telegram-каналынан алынды

Олжас Бектенов Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында моноқалаларды дамыту мәселелері бойынша республикалық кеңес өткізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.  

ҚР Үкіметінің мәліметінше, «Моноқалалардың болашағы: оң тәжірибе және тұрақты даму» атты жиынға өңірлер мен моноқалалардың әкімдері, сондай-ақ өнеркәсіп кәсіпорындарының басшылары және сарапшылар қоғамдастығының өкілдері қатысты.

Жиын барысында президенттің тапсырмасын ескере отырып, моноқалаларды дамытудың жаңа тәсілдері қаралды. Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекиннің баяндамалары тыңдалды.

Премьер-Министр Олжас Бектенов Екібастұз қаласы экономикасын әртараптандыру мен тұрақты дамуын атап өтті. Бұл ретте 800-ден астам жұмыс орнын аша отырып, құны 138,4 миллиард теңге болатын ферроқорытпа зауытын салу жобасын іске қосу, сондай-ақ индустриялық аймақ қалыптастыру маңызды рөл атқарды. 

—  «Моноқалалар «өсуге ықпал ете алатын» аймақтарға айнала алады. Біз бұған «жасыл» технологиялар мен цифрлы инфрақұрылымның немесе креативті экономиканың даму мүмкіндіктері ретінде қарауымыз керек. Болашақ индустриясы осындай шағын қалаларда бастау алуы керек, — деді Олжас Бектенов.

Сондай-ақ ол моноқалалардың экономикасын әртараптандыруға баса назар аудару қажет екеніне тоқталды. Бұл олардың экономикасын көтеруге және моноқалалар қатарынан шығуына мүмкіндік береді. 

Мысалы, қазіргі уақытта Екібастұз экономикалық құрылымы әртүрлі, көпсалалы қалаға айналуда. Яғни, ол үшін моноқала мәртебесі өзекті емес. Заманауи стандарттарға сәйкес келетін жаңа инфрақұрылымдық саясат құру бойынша жұмысты күшейту қажет, — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Қазіргі уақытта елімізде шамамен 1,5 миллион адам тұратын 20 моноқала бар. Ұлттық экономика министрлігінің деректері бойынша олардың үлесіне өнеркәсіп өндірісі көлемінің үштен бірінен астамы тиесілі – 2024 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 36,4%-ды құрады.