Алдағы үш жылда Павлодар облысында 100 миллиард теңгеге агрожобалар іске асырылады

Алдағы үш жылда Павлодар облысында 100 миллиард теңгеге агрожобалар іске асырылады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Барлығы – 57 жоба, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде ҚР Парламенті Сенатының аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту жөніндегі комитетінің көшпелі отырысы өтті. Жиында ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу мен өткізудің стратегиялық бағыттары талқыланды.

Отырыс ҚР Президентінің «Әділетті Қазақстан» Жолдауын іске асыру аясында өтіп, оған Сенат, орталық және жергілікті атқарушы органдар, бизнес-қауымдастық өкілдері, фермерлер мен сарапшылар қатысты.

Отырысты ашқан Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов өңірдің аграрлық өндіріс пен қайта өңдеу көлемін белсенді түрде арттырып жатқанын атап өтті. Облыста 251 қайта өңдеу кәсіпорны жұмыс істейді, ал экспорттағы қайта өңделген өнімнің үлесі 60%-дан асады.

Біздің міндетіміз  тек көлемді ұлғайту ғана емес, фермерлер қолдауды сезінетін, ал тұтынушылар  өнім сапасына сеніммен қарайтын тұрақты жүйені құру. Егіс алқабынан дүкен сөресіне дейінгі әрбір кезеңді тиімді ұйымдастыру маңызды,  деп атап өтті аймақ басшысы.

Павлодар облысы сүт, картоп, сәбіз және қарақұмық өндірісі бойынша тұрақты түрде көшбасшылардың үштігіне кіреді, суармалы егіншілік технологияларын белсенді енгізуде және өндірушілердің тұтынушыға тікелей шығуын қамтамасыз ете отырып, фермерлер базарларын дамытуда.

Негізгі вектор  инвестицияларды тарту. Алдағы үш жылдың ішінде Павлодар облысында 100 миллиард теңге сомасына 57 жаңа агрожобаны іске асыру жоспарлануда.

Сенаттың бейіндік комитетінің төрағасы Әли Бектаев аграрлық саясаттағы жүйелі тәсілдің маңыздылығына назар аударды. Мысал ретінде ол іске асырылып жатқан «Ауыл аманаты» бағдарламасын келтірді. Аталмыш бағдарлама бойынша 116 млрд теңге бөлініп, 16,6 мыңнан астам шағын несие берілді және сонша жұмыс орны ашылды.

Алайда, ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеуді дамыту бірқатар қиындықтарға тап болуда: инфрақұрылымның жеткіліксіздігі, логистиканың әлсіздігі, өткізу арналарының ашық еместігі, фермерлердің шектеулі қаржылық және техникалық ресурстары.

Кездесуге қатысушылар осы кедергілерді жан-жақты талқылап, мемлекеттік қолдауды күшейту, қаражатқа қолжетімділікті кеңейту және бизнес пен мемлекет арасындағы кооперацияны дамыту бойынша нақты шараларды ұсынды.

Ауыл шаруашылығы, сауда және көлік вице-министрлері, сенаторлар, сондай-ақ жетекші ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының, оның ішінде «Галицкое» ЖШС өкілдері сараптамалық түсініктемелер мен бастамаларын айтты.

Сондай-ақ, сапар барысында қатысушылар еліміздің басқа өңірлерінде де ауқымын кеңейту үшін үлгі ретінде ұсынылған Павлодар қаласының «Жайлау» фермерлік базарының жұмыс тәжірибесімен танысты.

Отырыста айтылған барлық ұсыныстар жүйелендіріліп, одан әрі пысықтау және енгізу мүмкіндігін қарау үшін Үкіметке жіберілетін болады.

– Қайта өңдеу саласын дамыту - бұл тек экономиканың ғана мәселесі емес. Бұл ішкі және сыртқы нарықтардағы қазақстандық агроөнімдердің азық-түлік қауіпсіздігі мен бәсекеге қабілеттілігінің негізі, – деп атап өтті кездесуге қатысушылар.

Кооперацияға, фермерлерді қолдауға және экспорттық әлеуетке бағдарланған павлодарлық агроөңдеу моделі өңірлерде ауқымын кеңейту үшін үлгі бола алады.

Фотосуреттерді түсірген Валерий Бугаев