Президент Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мерекені қоғамдағы татулық пен тұрақтылықты нығайтатын маңызды күн деді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Президент Бірлік күні халықтың өзара құрметі мен сыйластығын, Отанға деген сүйіспеншілігін айқын көрсететін мереке екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда түрлі этнос өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқанын атап өтті. Бұл елдегі келісім мен бейбітшіліктің басты жетістігі екені айтылды. Сондай-ақ, халықтың бірлігі мен ынтымағы ел дамуының негізгі тірегі ретінде бағаланды.
Мемлекет басшысы қоғамдағы әртүрлі көзқарастарға қарамастан, ел азаматтарын ортақ мақсат біріктіретінін жеткізді. Бірлік, этносаралық және конфессияаралық татулық қағидаттары мемлекеттік саясаттың маңызды бағытына айналғаны да сөз болды.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев әділ әрі тұрақты қоғам құру үшін «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасының маңызына тоқталды. Бұл бастама елдегі жаңғыру үдерістерінің негізі ретінде қарастырылатыны айтылды.
– Біздің тарихымыз, бүгініміз және болашағымыз – бір. Бұл – Қазақстан халқының сарқылмас күш-қуаты мен отаншылдық рухының айқын көрінісі. Біз бәріміз бір ел болып жұмылып, өсіп-өркендеу жолында биік белестерді бағындыра беретінімізге кәміл сенемін, – деді Президент.
Құттықтау соңында Мемлекет басшысы барша қазақстандықтарға денсаулық, амандық және бақ-береке тіледі.