Президент қазақстандықтарды Отбасы күнімен құттықтады

Президент қазақстандықтарды Отбасы күнімен құттықтады
Фото: Ақорда телеграм арнасы

Мереке – ұлтымызды ізгілікке, қамқорлық пен өзара сүйіспеншілікке, жауапкершілікке жетелейтін айрықша күн, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барша қазақстандықтарды Отбасы күнімен шын жүректен құттықтады. Президенттің айтуынша, бұл мереке – ұлтымызды мейірім мен қамқорлыққа, өзара қолдау мен азаматтық жауапкершілікке үндейтін ерекше күн.

– Отбасы – халқымыз үшін қасиетті ұғым. Әр адам, ең алдымен, өзінің қастерлі шаңырағында тұлға ретінде қалыптасады, үлгі-өнеге алып, нағыз азаматқа тән игі қасиеттерді бойына сіңіреді. Отбасында көрген тәлім-тәрбиенің арқасында елімізде отаншыл, еңбекқор, білімді және мәдениетті ұрпақ өсіп шығады, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев ата-аналарға деген зор құрметті ерекше атап өтіп, олардың қоғамдағы орнын айрықша бағалады.

–  Жарық өмір сыйлаған ата-аналарымызға зор құрметпен қарау – қастерлі парыз. Әсіресе, аялы алақанымен, ақыл-парасатымен әрбір үйді шуаққа бөлейтін аналардың орны ерекше. «Ана – Жер-Ана» – адамзат өркениетінің өзегі. Біз асқар тау әкелеріміздің табанды еңбегі мен ерен ерлігіне бас иіп, қадір тұтуымыз керек, – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ отбасы құндылықтарын сақтаудың мемлекет үшін айрықша маңызға ие екенін айтты.

–  Әр шаңырақта ырыс-ынтымақ болса, еліміз де қарқынды дамиды. Бұл – Әділетті және Қуатты Қазақстан құрудың аса маңызды шарты. Сондықтан мемлекет отбасы құндылықтарын кеңінен дәріптеп, ана мен бала құқығын қорғауға айрықша мән береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет отбасы институтын қолдауға, ана мен бала құқығын қорғауға әрдайым айрықша мән беретінін атап өткен Президент барша отандастарға зор денсаулық пен мол табыс тіледі.