Президент павлодарлық балалардың арманын орындады
Мемлекет басшысы үш оқушының хатын оқыған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Еліміздің әр өңірінен келген балалар Жаңа жыл күні қандай сыйлық алғысы келетінін жазып, конверттерді «Тілек шыршасына» қалдырды. Акцияға жүзден астам адам қатысты. Олардың ішінде жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, ерекше күтімді қажет ететін, көп балалы отбасылардың балалары бар. Балалар домбыра, компьютер, жазғы демалыс лагеріне және Ақордаға жолдама сұрады.
Жеті жасар павлодарлық Алан Азат үрмелі музыкалық аспап алуды армандаған. Ол Мемлекет басшысынан сұраған сыйлығын алды. Аспапты оқушыға облыс әкімі Асайн Байханов табыстады. Аймақ басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын оқып, баланы білім алуға талпынуға, кітап оқуға және спортпен шұғылдануға, табиғатты аялап, жақсылық жасауға шақырды.
Алан анасымен бірге Павлодарда тұрады. Өткен жылы дарынды балаларға арналған музыкалық колледж-интернаттың үрмелі аспаптар және соқпалы аспаптар бөліміне оқуға түсті. Бұл – Аланның керней сыныбында екінші жыл оқуы. Мұғалімдердің айтуынша, оқушы өте қабілетті, барлық пәндер бойынша үздік нәтижелерге қол жеткізіп, шығармашылық іс-шараларға қатысады.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа Павлодардан тағы бір хат жеткен. 12 жасар Әмір Багаутдинов жаңа жылда жаңа велосипед мінгісі келген. Ол мамыр айында он жасар інісімен бірге арнайы әлеуметтік қызметке мұқтаж балаларды қолдау орталығына түскен. Әмір алтыншы сыныпта оқиды, спортпен айналысқанды жақсы көреді – дзюдо секциясына барады, шахмат және футбол ойнайды.
Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков мектеп оқушысына Президенттің атынан велосипед сыйлады. Әміре әскери адам болуды армандайды. Жетінші сыныпта «Жас сарбаз» мамандандырылған мектеп-интернатына түсуді жоспарлап отыр.
Розов атындағы орта мектептің бесінші сынып оқушысы Семён Паламарюктың да арманы орындалды. Мектепте жақсы оқитын жеткіншек математикаға жақын және IT технологияларды үйренуге бейім. Студент IT жобалар мен конкурстарға қатысады. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Павлодар ауданының әкімі Николай Дычко Семёнге робот-конструктор табыс етті.