Павлодар облысында базалық макро көрсеткіштер бойынша оң динамика байқалады

Павлодар облысында базалық макро көрсеткіштер бойынша оң динамика байқалады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңірлік жедел штаб отырысында облыстың экономикалық өсімін қамтамасыз ету мәселелері қаралды, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, 2024 жылдың 7 айының қорытындысы бойынша өңірде барлық базалық макро көрсеткіштер бойынша оң динамика байқалады. Өңдеу өнеркәсібінің өсімі – 8,5%, 1,1 триллион теңгеге өнім өндірілді. Жеңіл өнеркәсіп саласы (94,8%) және металл емес минералды өнімдер өндірісі (92,9%) сәл төмендеген.

Ауыл шаруашылығы саласының өнім көлемі 6,3%-ға (114,1 миллиард теңге) ұлғайды, соның ішінде мал шаруашылығы өнімдерінің өсімі қамтамасыз етілді (107,0%, 99,1 миллиард  теңге). Жалпы сала бойынша дәнді дақылдардың өнімділігін арттыруды ескере отырып, барлық жоспарланған жылдық көрсеткіштерге қол жеткізу күтілуде.

Өңірдегі ішкі сауда 5,5%-ға өсті (737,9 миллиард теңге). Бөлшек сауда айналымы 5%-ға (346,6 миллиард теңге), көтерме сауда айналымы 5,6%-ға (387,7 млрд. теңге) артты.

Құрылыс жұмыстарының көлемі 139,1 миллиард теңгені құрады, бұл – 2023 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 9,1%-ға артық. 176 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру қамтамасыз етілді (107,3%).

Сонымен қатар, тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы аясында өңірде 564 пәтерлі тағы 7 несиелік үй салу, сондай-ақ, жалпы сомасы 15,8 млрд. теңгеге 1029 жалға берілетін пәтер сатып алу жоспарланған.

Көлік секторында қызмет көрсету көлемі 7,8%-ға (157,6 миллиард теңге) ұлғайды. Бұл ретте теміржол көлігімен қатынайтын жолаушылар айналымының 3,6%-ға төмендегені байқалады.

Штаб жұмысының қорытындысы бойынша облыс әкімі Асайын Байханов статистикалық есепті тапсыруды бақылауда ұстауды, макрокөрсеткіштерге тұрақты мониторинг жүргізуді және қамтамасыз етуді, сондай-ақ, инвестициялық жобаларды уақытылы іске асыруды тапсырды.