Президент тапсырмасы орындалды: Павлодар әуежайының ұшу-қону жолағы қайта жаңғыртылды
Тұрақты рейстер қайта қалпына келтірілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі көлік инфрақұрылымын дамыту және өңірлердің өзара байланысын арттырудың маңыздылығын бірнеше мәрте атап өткен болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Павлодар қаласындағы әуежайдың ұшу-қону жолағын ауқымды қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды. Жұмыстар аяқталғаннан кейін әуежай толыққанды жұмысын қайта бастады.

Аэродром сертификаттаудан өтіп, тұрақты әуе қатынасы қайта қалпына келтірілді: ұшақтар Астана және Алматы қалаларына қатынауда. Әуежайдың толыққанды жұмысын қайта бастау үшін барлық қажетті рұқсат құжаттары алынды. 17 тамызда авиациялық қауіпсіздік қызметі сертификатталса, 21 тамызда әуежайға аэродромның жарамдылық сертификаты берілді.
Әуежайдың ұшу-қону жолағын қайта жаңғырту жұмыстары ICAO халықаралық стандарттарының талаптарына сәйкес жүргізілді. Бұл Павлодар облысы үшін ерекше маңызға ие. Өңірдің географиялық орналасуын ескеретін болсақ, жаңартылған инфрақұрылым оның транзиттік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.

Павлодар аэродромы 2025 жылдың 1 сәуірінен бастап жабық болған кезеңде мұнда ұшу-қону жолағын толық қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Ұшу-қону жолағының ені 45 метрден 60 метрге дейін ұлғайтылды, жарық-сигнал беру жабдықтары, жарықтандыру және бейнебақылау жүйелері жаңартылып, әуежай аумағының периметрі бойынша жаңа қоршау орнатылды.
Жобаны іске асыруға 16,4 миллиард теңге бөлінді. Оның ішінде 9,3 миллиард теңге арнайы мемлекеттік қор қаражаты есебінен бөлінген. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Бас көлік прокурорының бірінші орынбасары Ербол Құлбаев мәлімдеді.

– Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстанда заңсыз шығарылған активтерді қайтару жұмыстары жүргізілуде. Қайтарылған қаражат әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыруға, соның ішінде көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталуда. Бүгінде елге бір триллион теңгеден астам қаражат қайтарылды. Павлодар әуежайының ұшу-қону жолағын қайта жаңғырту жұмыстары аясында 16 миллиард теңгеден астам қаражат игерілді, – деді Ербол Құлбаев.
Бүгінде Vietjet Qazaqstan әуе компаниясы Павлодар-Астана бағыты бойынша аптасына төрт рет, ал FlyArystan әуе компаниясы Павлодар-Алматы бағыты бойынша күн сайын рейстер орындайды. Тұрақты әуе қатынасының қайта қалпына келтірілуі өңір тұрғындары мен бизнес өкілдері үшін маңызды оқиға болды.

– Біз бұл сәтті асыға күттік. Ең бастысы – тұрақты рейстерді қайта қалпына келтірдік. Бүгінде әуе кемелері Павлодарды Астана және Алматы қалаларымен байланыстырып отыр. Енді облыс тұрғындарының іскерлік сапарлары мен саяхаттарына барынша мүмкіндік жасау үшін әуе бағыттарын кезең-кезеңімен ұлғайтатын боламыз, – деді өңір басшысы.
Сонымен қатар, әуе бағыттарын кеңейту жұмыстары жалғасуда. SCAT әуе компаниясы Ақтау, Шымкент және Ақтөбе бағыттарына рейстер ашу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Халықаралық бағыттар бойынша да келіссөздер жүргізілуде. Centrum Air әуе компаниясымен Павлодар-Ташкент бағыты бойынша 2027 жылғы наурыздан бастап рейстер ашу бойынша алдын ала келісімге қол жеткізілді. Сондай-ақ Мәскеу, Новосібір, Үрімші, Анталья және Шарм-эль-Шейх бағыттарына рейстер ашу мүмкіндігі зерделенуде.

Астана – Павлодар бағытындағы рейстің алғашқы жолаушыларының қатарында Қазақстан Республикасының Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров та болды. Ол Павлодар жеріне қонудың жайлылығына жоғары баға берді.

– Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Павлодар әуежайын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды. Бұл өңір үшін өте маңызды оқиға деп санаймыз. Себебі жоба өңірлік әуе қатынасын дамыту тұрғысынан ғана емес, халықаралық көлік байланысын одан әрі нығайту үшін де маңызды. Көлік министрлігі бұл жобаны толық қолдады, оны іске асыруға мемлекеттік қаражат бөлінді. Жалпы, бүгінде Қазақстанда әуежай инфрақұрылымы мен авиация саласын ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, елімізде тағы алты әуежайда жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жобалардың барлығын кезең-кезеңімен іске асыратын боламыз, – деді ол.

Келесі кезеңде әуежай ғимаратын қайта жаңғырту жұмыстары жоспарланып отыр. Жоба ұшу залын кеңейтуді және оның өткізу қабілетін сағатына 200-ден 300 жолаушыға дейін арттыруды, ішкі және халықаралық рейстердің жолаушылар ағынын бөлуді, жүктерді өңдеу мен тексерудің автоматтандырылған жүйесін орнатуды, телескопиялық траптары бар екі галерея салуды, сондай-ақ инженерлік инфрақұрылымды жаңартуды көздейді. Бұл ретте, терминалды қайта жаңғырту жұмыстары әуежайдың жұмысын тоқтатпайды. Жолаушыларды қабылдау және жөнелту, сондай-ақ тұрақты рейстерді орындау жалғаса береді.

Асайын Байханов мақсат әуежайды өңірдің заманауи, қолайлы әрі бағыттар таңдауы бар толыққанды әуе қақпасына айналдыру екенін атап өтті.