Ертіс өзені арқылы өтетін жаңа көпірдің құрылысы 2025 жылы аяқталады

Ертіс өзені арқылы өтетін жаңа көпірдің құрылысы  2025 жылы аяқталады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Бұл ірі жоба өткен жылдың күзінде басталды, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

–  Маңызды инфрақұрылымдық жобалардың бірі – Ертіс өзені арқылы өтетін жаңа көпірдің құрылысы. Бұл ірі жоба өткен жылдың күзінде басталды, 2025 жылы аяқтау көзделіп отыр, – деді облыс әкімі Асайын Байханов кезекті бейне-есепте. 

Сапалы автомобиль жолдары мен көлік жүйесінің дамуы – өңір экономикасы мен халықтың өмір сүру деңгейінің негізі. Бұл ретте, жолдардың сапалы құрылысы мен жөнделуі апат пен өлімнің төмендеуіне ықпал етеді. Өткен жылы 27 млрд теңгеге 722 шақырым автомобиль жолдары мен 44 елді мекеннің көшелерін жөндеу бойынша 144 жоба іске асырылды. 3,1 млрд теңге сомасына 90 шақырым болатын ауылдарға 26 кірме жолға тас жол салынды. Сондай-ақ, қиыршық тас төселген 321 шақырым жол асфальтталды. 

–  Көліктік-логистикалық әлеуетті дамыту және жолаушылардың жайлылығын арттыру мақсатында Павлодар қаласының теміржол вокзалы ғимаратын қайта жаңарту басталды.  Жөндеу жұмыстарын осы жылдың сәуір айында аяқтауды жоспарладық. Биыл Екібастұз қаласының теміржол вокзалын қайта жаңарту көзделген. Сондай-ақ, облыс орталығында сағатына 400-ге жуық жолаушыны өткізу санын арттыру үшін әуежай ғимараты және ұшу мен қону жолағы қайта жаңартылады, – дейді аймақ басшысы. 

Өңірде барлығы 165 маршруттық қатынас бар, оның ішінде жетеуі – халықаралық, бесеуі – облысаралық, 35-і – облысішілік, 52-сі – ауданішілік және 66 қалалық маршруттар.

Қоғамдық көлік қозғалысының жүйелілігін қамтамасыз ету үшін 2023 жылы облыстық бюджеттен 9,5 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражат 107 автобус бағытын субсидиялауға, тұрғындардың 16 жеңілдетілген санатын тасымалдау шығындарын өтеуге, сондай-ақ мектеп оқушылардың тегін жол жүруіне бөлінді. Өткен жылы 12 бағыт бойынша жаңа автобус маршруттары іске қосылды. 130 жаңа автобус сатып алу арқылы автобус паркі жаңартылды.