Ресей бензин мен дизель экспортына шектеу қойды

Ресей бензин мен дизель экспортына шектеу қойды
pexels.com

Шектеу уақытша енгізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

РФ үкіметінің ресми сайтында жарияланған қаулыда жазылғандай, мұндай шешім ішкі нарықтағы жағдайды тұрақтандыру үшін қабылданған.

«Осы қаулы күшіне енген күннен бастап бензин және дизель отынын (оның ішінде биржа арқылы сатып алынған) әкетуге уақытша тыйым салынсын. Қаулының 1-ші тармағында көрсетілген, яғни Еуразиялық экономикалық одаққа мүше-мемлекеттердің үкіметаралық келісіміне сай, бұл қаулымен тиісті тыйым салынбайды», - делінген РФ премьер-министрі Михаил Мишустин қол қойған қаулыда.

Құжатта нақтыланғандай, бұл шектеулер ЕАЭО-ға мүше елдерге қатысты қолданылмайды. Атап айтқанда, одаққа Қазақстан, Қырғызстан, Армения, Беларусь және Ресей мемлекеттері мүше.

Қаулы қол қойылған күннен, яғни 21 қыркүйектен бастап күшіне енеді.