Ретро-фестиваль: Павлодарда бас сахнаға алып диско-шар орнатылады
Кеш барысында қауіпсіздік шаралары басты назарға алынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков Ertis Promenade сахнасында өтетін ретро-фестивальге дайындық барысын тексерді.
— Көрермендердің жайлылығы үшін жағалаудың жоғарғы деңгейіне қосымша LED-экрандар орнатылады. Дыбыс жүйесі күшейтіледі. Себебі қала күні кезінде кей жерлерде дыбыс жеткіліксіз болғанын байқадық. Сол себепті жоғарғы деңгейдегі дыбыс жүйесін күшейтіп, қосымша акустикалық жабдық орнатуды тапсырдым. Сонымен қатар, сахнаның басты сәніне айналатын алып диско-шар көпшілікке ерекше көңіл күй сыйлайтыны сөзсіз, - деді қала әкімі.
Шаһар басшысы аталмыш кеште қауіпсіздік мәселесіне де айрықша назар аударуды тапсырды. Полиция қызметкерлеріне қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, адам ағынын тиімді реттеуді және фестиваль барысында үздіксіз қызмет атқаруды міндеттеді. Сонымен қатар, жедел медициналық жәрдем бригадаларының, құтқарушылар мен коммуналдық қызметтердің кезекшілігін ұйымдастыру да жүктелді.
— Басты мақсатымыз – қала тұрғындары мен қонақтарына жайлы, мерекелік әрі ең бастысы қауіпсіз орта қалыптастыру. Бұл ретро-фестиваль жаздың ең жарқын мәдени оқиғаларының біріне айналып, баршаға көтеріңкі көңіл күй сыйлайды деп сенемін, - Хасар Хабылбеков.
Ұйымдастырушылар павлодарлықтарды ақ түсті киіммен келуге шақырады. Бұл жарық эффектілерін айқын етіп, ретро-дискотеканың ерекше атмосферасын сезінуге мүмкіндік береді.
Айта кетелік, ретро-фестивальде павлодарлықтар Серік Мусалимовтың өнерін тамашалайды.
Шара 8 тамыз күні сағат 19:00-де Ertis Promenade сахнасында өтеді.