Сапалы өнім: Павлодарлықтар сапасыз өнімге шағымдана алады
Тіпті, сотқа талап қоя алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференцияда ҚР Сауда және интеграция министрлігі Павлодар облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Дәулен Кабдушев мәлім етті.
– Тұрғындардың мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету мақсатында министрлік «Сапалы өнім» қоғамдық тұжырымдамасын іске қосуды ұсынады. Жобада қоғамдық күштердің елдің ішкі нарығында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуі көзделеді. Жобаның негізгі бағыты – нормативтердің бұзылуын, тұтынушылардың құқықтарын және жосықсыз бәсекелестікті бұзатын әрекеттерді анықтау, – дейді Дәулен Қабдушев.
Оның айтуынша, қолданыстағы тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заң қоғамдық бірлестіктерге келесідей мүмкіндік береді: тауардың тұтынушылық қасиеттерін зерттеу, тауардың сапасы мен қауіпсіздігіне сараптама жүргізуге бастамашылық жасау, өнімнің сапасы туралы қоғамдық пікірді анықтау үшін халық арасында сауалнама жүргізу, тауардың сапасын бағалау мақсатында мемлекеттік органдарға жүгіну, тұтынушылардың мүддесі үшін сотқа талап қою, өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін зерттеу нәтижелері туралы ақпарат тарату.
– Сонымен қатар, осы функцияны іске асыру кезінде қоғам белсенділері тауарды сату орындарына барған кезде жасалатын барлық әрекеттерді фото, аудио бейнетіркеуді қолдануға құқылы. Облыста өңірлік штаб жұмыс істейді, оған бизнес өкілдері, мемлекеттік органдар, қоғамдық бірлестіктер, өңір тұрғындары кіреді, онда азық-түлік қауіпсіздігі мәселелері де талқыланады, – дейді Дәулен Қабдушев.
Айта кету керек, егер өңір тұрғындары сапасыз азық-түлік тауары анықталған жағдайда санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің атына сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінуі қажет. Аталған мәселелерді өңірлік штаб тиісті мемлекеттік органдар мен өзге де мүдделі тұлғаларды тарта отырып қарайтын болады.