«Saryarqa samaly» газетінің ертеңгі санында: Айбынды әскер – ел қорғаны. Бес батыр. Автонесие: шынымен жеңіл ме?
«Saryarqa samaly» газетінің 4 мамыр, бейсенбілік нөміріне аңдатпа ұсынамыз
Әлемдегі геосаяси жағдай құбылып тұрған кезде ел қорғанысының бекем болуы маңызды. Бұл ретте, ел қорғаны - Қарулы Күштерінің тек техникалық материалдық тұрғыдан жаңартылуы аздық етеді. Сарбаздардың әскери дайындығының жоғары болуы, психологиялық мығым болуы да аса қажет. Ол үшін қайтпек керек? Болашақ сарбаздарды қалай дайындаймыз? Бұл тақырып мерекелік айқармада қамтылды.
Биыл павлодарлық бес Кеңес Одағы батырының мерейтойы. Олардың Отан қорғау жолындағы ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Жеңіс күні қарсаңында оқырмандарымызға осы батырлардың өмірі мен ерлігі жайлы аз-кем сыр шерткенді жөн көрдік.
Сонымен қатар, тылда еңбек еткен қарусыз майдангерлер, соғыс тақырыбын қаузаған ақын-жазушылар өмірі туралы материалдар ертеңгі нөмірде жарық көреді.
Одан бөлек, бейсенбілік шығарылымнан күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді оқи аласыздар. Жеңілдетілген автонесие бағдарламасы талаптарының өзгеруі тұрғындар қалтасына қалай әсер етеді? Қыз-келіншектер ипотека алуы үшін қайда, қашан өтініш беруі керек? ҰБТ түлектері нені білуі тиіс? сынды сауалдардың жауабын ертең білуге болады.