«Saryarqa samaly» газетінің ертеңгі санында: Чемпиондар ауылдан шығады. Шаһардағы жаңашылдық
@Pavlodarnews.kz «Saryarqa samaly» газетінің 6 маусым, сейсенбілік нөміріне аңдатпа ұсынады.
Бүгінде ауылдық аймақтарда бұқаралық спортты дамытуға басымдық беріліп келеді. Соның бір дәлелі – Ертіс ауданындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы. Газет тілшілері ауданға сапары барысында құрылыс алаңына арнайы барып, заманауи кешен беретін мүмкіндіктермен танысты.
Ал қалада абаттандыру бағытында көп жұмыс атқарылып жатыр. Балалардың ойын алаңдары орнатылып, жаяу жүргіншілер жолына асфальт төселіп, аулалардың ажары кірді. Биыл қанша аула түрленеді? Толығырақ сейсенбілік нөмірден оқи аласыздар.
Биыл аймағымызда Ертіс өзенінің тасу деңгейі өте төмен болуы салдарынан мыңдаған тұрғын күзде жем-шөпсіз қалуы мүмкін. Бұл мәселе қалай шешілуде? Мал ұстаған ағайын жем-шөптен тарықпай ма? Осы және өзге де сауалдарымызға облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Марат Ақтаев жауап берді.
Облыс орталығындағы оқырмандарымыз редакцияға хабарласып, Радиозавод шағын ауданы маңында жайқалған жасыл желектің қоршалғанын айтты. Тұрғындар жылдар бойы тамырын тереңге жайған талдар бір күні кесіліп, орнына бизнес нысаны салына ма деп қауіптенеді. Шынымен солай ма? Мәселенің мән-жайын анықтап көрдік.
Сондай-ақ, сейсенбілік нөмірде «Дода», «Шипагер» арнайы беттері мен аймақтағы өзге де өзекті оқиғалар туралы материалдар топтамасы жарияланады. Бізбен бірге болыңыздар!