Саты ауылында жаңа медициналық пункттің құрылысы аяқталуға жақын

Саты ауылында жаңа медициналық пункттің құрылысы аяқталуға жақын
Фото: Ауыл әкімдігінен

Қолданысқа жаздың соңына дейін беру жоспарлануда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Май ауданының Саты ауылында тұрғындар көптен күткен жаңа медициналық пункттің құрылысы аяқталуға жақын. Заманауи талаптарға сай салынған нысан ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық көмекті сапалы әрі қолжетімді түрде көрсетуге мүмкіндік береді.

Бұған дейін Саты ауылындағы медициналық пункт 1958 жылы салынған бейімделген тұрғын үй ғимаратында орналасқан. Ғимараттың ұзақ жылдар бойы пайдаланылуына байланысты оның техникалық жағдайына арнайы тексеру жүргізіліп, нысан апатты жағдайда деп танылған. Осыған байланысты ауылға жаңа медициналық пункт салу қажеттілігі туындаған.

Жаңа нысанның құрылысы 2026 жылғы 20 сәуірде басталды. Құрылыс жұмыстарын «Ер Алаш» корпорациясы ЖШС жүргізуде. Нысанның тапсырыс берушісі – «Павлодар облысының құрылыс басқармасы» ММ. Техникалық қадағалауды «Батыс Сапа Инжиниринг» ЖШС, ал авторлық қадағалауды «MBJ Project» ЖШС жүзеге асырады.

Құрылысқа 115 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген. Жоба бойынша нысанды 2026 жылғы 30 тамызда аяқтау жоспарланған.

Жаңа медициналық пунктте ауыл тұрғындарына қажетті жағдайлардың бәрі қарастырылған. Негізгі ғимаратпен қатар жедел медициналық жәрдем көлігіне арналған гараж және ұзақ жанатын пешпен жылытылатын қазандық салынады.

Нысанның іске қосылуы Саты ауылының әлеуметтік инфрақұрылымын дамытудағы маңызды қадам болмақ. Жаңа медициналық пункттің пайдалануға берілуі тұрғындарға медициналық көмекті ауылдың өзінде алуға қолайлы жағдай жасап, алғашқы медициналық қызметтің қолжетімділігін арттырады.